Оқиға Риддер қаласында 20 сәуір күні болған. Бұл жөнінде полиция қызметкерлері егжей-тегжейлі жария етіп айтпаған. Олардың жасаған ерлігін балалардың ата-аналары хабарлаған.
Таңғы сағат 5.00 шамасында қалалық полиция бөлімінің жедел уәкілі Интернациональный көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында шаруашылық жайлардан өрт шыққанын байқап қалады. Тез арада жалын шарпыған тұрғын үйге жетіп келген полиция қызметкерінің алдынан үрейленген әйел жүгіріп шығып, үйде кішкене балаларының барын хабарлайды.
Жедел әрекет еткен полицей Иван Назаров жанып жатқан ғимаратқа кіріп, үш баланы эвакуациялаған. Балалар үй ішін түтін басып, көз алды тұманданғанына қарамастан, анасы сипаттаған бөлмені тауып, ұйқыда жатқан. Сақшы оларды көрпеге орап, тысқа алып шығады.
«Полиция қызметкерінің жинақы, дұрыс, әрі уақтылы әрекеттері біздің отбасымызды құтқаруға көмектесті. Сондай-ақ ол өрттің көршілес үйлерге таратылуының алдын алуға көмектесті. Біз Иван Назаровқа өте ризамыз» дейді Риддер қаласының тұрғыны Галина Колесникова.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері тұрғындарға өрт кезінде жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге көмектесіп жатыр.
Бұл Риддер қаласы полицейлерінің ерлігімен ерекшеленген жалғыз жағдай емес. 22 сәуірде Поперечное ауылының учаскелік инспекторы өз бетінше шаруашылық жайлардан шыққан өрттің көзін жойды. Өртті көрген полицей Мейірім Азтаев ойланбастан көмекке жүгіріп келіп, арнайы құралдармен отты сөндіруге кіріскен.
«Мейірім Азтаев лезде құдыққа шлангі тығып, сорғыны орнатты. Дәл көз алдымда қоршауға кіріп, өртті сөндіре бастады. Полиция қызметкері бір өзі өртті ауыздықтады» дейді ауыл тұрғыны Малика Джамалханова.
Учаскелік полиция инспекторының жедел әрекеті арқасында ірі өртке жақын тұрғын үйлер, жайлар, пішен сарайы өрттен аман қалды. Риддер қаласының тұрғындары полицейлердің кәсібилігін жоғары бағалады.