Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өтті.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өтті.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оны оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысына 30 жасқа дейінгі өзге ұлт өкілдерінен 10 қызметкер қатысты.
Қатысушылар сайыста «Өздерін мемлекеттік тілде таныстыру», мақал-мәтелдер айту және мемлекеттік тілде құжат түрлерін әзірлеп, төтенше жағдай саласындағы терминдерге аударма жасау секілді тапсырмаларды орындады.
Сондай-ақ, олар ұлттық киімдер киіп, өз өнерлерін ортаға салып, қазақ халқының салт-дәстүрін әдемі айшықтайтын көріністер қойды. Осылай барша ұлт өкілдері бір отбасының баласындай өзара бауырласып, бірі тамылжыта ән салса, екіншісі мың бұрала би билеп, енді бірі мәнерлеп жыр оқып, жиналған көпшілікті тәнті етті. Байқаудың барлық талаптарын жақсы орындап, тапқырлығымен ерекше көзге түскен 1-ші өрт сөндіру бөлімінің кадрлар тобының кіші инспекторы Н.Ахметова 1-орынды иеленіп, қалалық деңгейде өткізілетін іріктеу сайысында мекеменің намысын қорғайтын болды. Мемлекеттік тілде жазылған ісқағаздарды аударуда белсенділік танытқан 11-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Н.Искаков 2-орынды алса, қазақ халқының салт-дәстүрінен көрініс қойып, көзге түскен 4-ші өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Х.Илиясов 3-орынды еншіледі. Сондай-ақ, 6-шы өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі С.Белоенко қазақ мақал-мәтелдерін жатқа айтып, көрермен көзайымына айналды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.