Қазақстан • 05 Мамыр, 2020

Ерлан Әукенов ардагерлерге мемлекеттік жәрдемақы мөлшері анықталғанын айтты

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов «Ардагерлер туралы» жаңа заңында айқындалған ардагерлердің санаттары мен оларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

Ерлан Әукенов ардагерлерге мемлекеттік жәрдемақы мөлшері анықталғанын айтты

Ерлан Әукенов ардагерлердің әлеуметтік қорғалатын 5 санаты және олар үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері анықталғанын айтты.

- Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін - 16 АЕК (44 448 теңге, 1025 адам);

- басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылға қатысушы ардагерлер үшін - 6,19 АЕК (17 196 теңге, 21 729 адам) және 4,8 АЕК (13 335 теңге, 10 248 адам);

- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген ардагерлер - 7,55 (20 974 теңге, 16 175 адам) және 6,19 АЕК (17 196 теңге, 21 729 адам);

- еңбек ардагерлері - 138,63 (385 115 теңге) және 2,13 АЕК (5 918 теңге, 107 701 адам);

- тиісті заңмен қамтылған адамдардың басқа санаттары - 4,8 (13 335 теңге, 4 299 адам), 4,48 (12 357 теңге, 15 адам) және 4,59 АЕК (12 752 теңге, 13 454 адам).

«Заңда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалар қатарынан басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдардың ардагерлері атап көрсетілген. Осылайша Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Египет және басқа мемлекеттердегі әскери қимылдарға қатысқан әскери қызметшілер әскери іс-қимыл ардагерлері санатына енеді. Сонымен бірге барлық қолданыстағы жеңілдіктер мен жәрдемақылар сақталып қалады», - деді Ерлан Әукенов.

Осы санаттағы ардагерлердің қатары ТМД елдерінің 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған ардагерлерге берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімінде бекітілген. Бұл санатқа Кеңес Одағы қарулы күштерінің қатарында әр жылдары 23 қақтығысқа қатысқан әскери қызметшілер кіреді.