Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Түркістан: Білім беру саласында тексерулер сыбайластыққа сеп болуда

556 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының білім беру саласында, соның ішінде кадр мәселесін шешуде, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсау мен мемлекеттік сатып алу барысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары белең алуда.

Түркістан: Білім беру саласында тексерулер сыбайластыққа сеп болуда

Мысалы, биылдың алғашқы 3 айында білім беру саласында  тіркелген  16 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша бір тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті бастамасымен облысқа қарасты білім беру ұйымдарының басшыларымен  өткен онлайн-конференцияда айтылды.  Департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай өңірдегі білім беру мекемелерінде жиі кездесетін сыбайлас  жемқорлық деректерінің туындау себептеріне тоқталды. Мектептерде заңсыз ақша жинау деректері негізінен, тиісті мекемелер жүргізетін жыл сайынғы тексерулер кезінде мектеп директорларына салынған айыппұлдардан туындайтыны және  айыппұл сомасының едәуір көп мөлшерде болуына байланысты мұғалімдер мен ата-аналардан жиналатыны зерделеу барысында анықталған.

Конференцияда аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына заңсыз ақша жинау деректерін болдырмау бойынша ақпараттық - ағарту жұмыстары жүргізіліп, облысқа қарасты білім беру мекемелері Департаменттің тікелей бақылауында екендігі ескертілді. Ал облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев білім бөлімдерінің басшыларына сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

 

Түркістан облысы