Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Жамбыл облысында тәркіленген тауарлар таратылады

609 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық экономикалық тергеу департаменті контрабандашылардан тәркілеген тұтыну тауарларын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тарататын болды. Олардың ішінде құны 546 миллион теңге болатын 530 түрлі атаулы киім, төсек-орын жабдықтары және басқа да тауарлар бар.

Жамбыл облысында тәркіленген тауарлар таратылады

Бұл ретте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков тауарларды іске асыру тетігі пысықталып, оларды  үлестіру бойынша адамдардың санаттары анықталғанын айтты. «Ең алдымен, әлеуметтік мекемелер – балалар үйлері, қарттар үйлері, психоневрологиялық және өзге де аурулармен ауыратындарға арналған интернат үйлеріндегі қызмет алушылар іріктелді. Сонымен қатар, бұл тізімге облыстағы аз қамтылған азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған өңір тұрғындары да енгізілген», дейді Жорабек Баубеков.

Тараз қаласы мен аудандарда да бұл көмекке мұқтаж жандардың тізімі әзірленген. Тиісті азаматтарға тауарлардың дұрыс бөлінуін бақылау тікелей жергілікті әкімдерге жүктелген. Сондай-ақ, Жорабек Баубеков тәркіленген тауарларды тарату акциясына облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының да тартылатынын атап өтті. Негізінен басқарма бұл тауарларды Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс істейтін әлеуметтік дүкендер арқылы таратуға ниетті. Жастар саясаты мәселелері басқармасы қазірдің өзінде 109 мың дана тауарға өтінім берген. Сонымен қатар, тәркіленген тауарлардың бір бөлігі, яғни 10 мың дана жаңа тауар азық-түліктермен бірге су тасқынынан зардап шеккен көршілес Түркістан облысына жіберілген.

 

Жамбыл облысы