06 Сәуір, 2010

“СМЕРШ” САРБАЗЫ

584 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Менің алдымда қызыл тысты шағын фотоальбом жатыр. Бұл жай бір альбом емес, қаһармандық ерліктің еңселі үлгісі, терең ізі қалған жасындай жарқ еткен ғажап ғұмырдың күйін шерткен тарихи альбом! Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облыстық департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Уәп Қасенбаев ағаның қолымызға тигізген бұл фотоальбомы Ақмола облысы бүгінгі Ақкөл, бұрынғы Алексеев ауданына қарасты № 6 ауылда 1913 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген Шегебай Ұзақбаевтың даңқты “Смерш” (“Смерть шпио­нам” деген сөздердің қыс­қартылған түрі) сарбазы ретінде фашизммен күресте көрсеткен теңдесі жоқ ерлігінің ескерт­кіш бел­гісіндей екен. 1965 жылы Германия Демо­кратиялық Республи­касынан арнайы жіберілген бұл альбомда 1945 жылдың 10 мамырында ауыр жарадан қайтыс болған қазақ азаматы Шегебай Ұзақбаевтың құр­метіне Берлин қаласының орталық көшелерінің бірі – Отто Нушке штрасседегі № 52-53 үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орна­тыл­ғандығы хабарланған. Альбомдағы фотосурет­терде сол ескерткіш тақтаны ашу салтанатының жүрек тебі­рентерлік сәттері көрініс тауыпты. Альбомның бет­аша­рына жазылған неміс тілін­дегі мына сөздерді: Zur Erіnnerung an dіe etattgefun­de­ne Geden­kfeіer und Kranznіe­derlegung zum 507 Jahrestag der Tscheka am 20. Dezember 1967 zu Ehren des іm GroBen Vaterlandіschen Krіeg um dіe Befreіung Deutschlands vom Faschіsmus іn Berlіn – Mіtte­ gefallenen sowjetіschen Tschekіsten Leutnant Usakbaіew, Schegebaі, – қазақ тіліне аударсақ, ол былай болып шығады: “Совет мемлекетінің қауіпсіздік органының 50 жылдығына байланысты елімізді фашизмнен азат ету жолында ерлікпен қаза тапқан совет чекисі, лейтенант Шегебай Ұзақбаевқа ме­мо­риал­дық тақта орнату кезеңдері бейнеленген”. Арқаның бір қиырындағы қарапайым қазақ ауылында өмірге келген, сөйтіп, үлкен өмір жо­лы­нан өтіп келіп, фашистер ордасы Бер­линнің нақ төрінен бір-ақ шыққан, жәй ғана шықпай, өз есімін мәңгілік өшпестей етіп жа­зып қалдырған чекист Шегебай Ұзақбаев кім еді? Фотоальбомды неміс достардың Сілеті өңіріндегі генерал Черняховский атындағы кең­шарда тұратын Ұзақбаевтар отбасына жібер­ген­дігін және ол жерде Шегебайдың жалғыз ұлы Серіктің барлығын естіп, дереу жолға шықтық. Бір кезде даңқы жер жарған кеңшардың кенеуі кетіп-ақ қалған екен. Сау тұрған үйден қирағандары көп пе деп қалдық. Әжімді жүзінің жар­тысын алып тұрған шаңырақ көзәйнекті бәкене ғана жасамыс адам өзін Серік Ұзақ­баев­пын деп таныс­тыр­ды. Біз іздеп кел­ген адамымыз нақ осы кісі ме екен деп “Шеге­байдың ұлысыз ба?” – деп нақтылай түстік. – Әкей майданға кеткенде үш айлық сәби едім. Анам Күлбәрам бір емес, үш рет күйеуге шықты. Менің әрі қарай оқып кетуіме жағдай болмады. Мал соңыңда қалдым. Германиядан шақырту қағаз келгенде жалғыз ұлы мен қалып қойдым да, өгей әкей мен анам барып келді ғой, – деп сөз аяғын күрсініспен бітірді. Соғыс атаулының қайсысы болсын төгілген қан, егілген көз жасы, алапат қайғы нала әкелетіндігі ежелден мәлім. Соның ішінде Ұзақбаевтар әулетінің өткен соғыстан көрген азабы, шеккен қасіреті алабөтен. Ұзақ­баевтардың үлкені 1904 жылы туған Сарыбай мен 1911 жылғы Бөрібай майдан даласында мерт болса, кенжелері Қарабай мүгедек болып оралды. Шегебай болса Ақмола қаласында жүріп сегіз класты тәмамдап, телеграфистер курсына түседі. 1932 жылы аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Алматыдағы байла­ныс политехникумына оқуға қабылданады. Оқуын тәмамдасымен Алматы темір жол стансасында пошта вагонына жұмысқа орна­ласады. 1935-1938 жылдар аралығында әскери қызметке шақырылып, Тәжікстанда шекара комендатурасында әскери қызмет атқарады. Елге оралған соң Степняк қаласында НКВД жүйесінде өз қызметін жалғастырады. Өз қызметін қалтқысыз адал атқарған оған зор сенім көрсетіліп, 1940 жылы КОКП қатарына қабылданады. 1942 жылдың күзінде Шегебай Армия қатарына алынып, Ташкенттегі пулемет­шілер мен минометшілер даярлайтын учили­щесіне келеді. Взвод командирінің көмекшісі болып, әскери қызметін абыройлы жалғастырды. Сол тұстағы қатал қадағалау, темірдей тәртіпті ескерсек қазақ азаматы Шегебайдың “Смерш” полкінің қатарына алынуын оған көрсетілген сенімнің ерекше жоғарылығы екендігін бөле-жара айтпаққа керек. Бейбіт кезде алған білімдері, әсіресе, радио аппаратураларымен еркін жұмыс істеу тәжірибесі Шегебай Ұзақбаевтың алдағы барлау қызметіне ауысуына жол ашқандай. 1944 жылдың қаңтар айында лейтенант Шегебай Ұзақбаев әскери барлау бөліміне қабылданып, қалың қолмен батысқа шеру тартып еді. Бұл тұста Кеңес жауынгерлері Еуропаның қалалары мен қыстақтарын жаудан тазартып, жаппай шабуылды өрістете түскен еді. Қатарында Шегебай да бар бесінші екпінді ар­мия­ның құрамындағы 92-атқыштар дивизия­сының гвардияшылары да қиян-кескі ұрыс­тарды өткере отырып, ілгері жылжи түскен. “Смерш” әскери барлау қызметінің өзі жау тыңшыларының алдын орау, олардың құпия сырларын ашу, өз арамыздан шыққан сілімтік сатқындардың арамзалығын әшкерелеу тәрізді мылтықсыз майдан күресінде Шегебай Ұзақ­баевтың баспаған тауы, араламаған орманы, кезбеген бейтаныс елді-мекендері аз болмаған. Жаумен бетпе-бет шайқастардағы табан­дылығы мен құпия майдандағы ерліктері ескеріліп оған екінші дәрежелі “Отан соғысы” ордені берілді. Генерал-лейтенант Берзариннің басқаруын­дағы бесінші екпінді армияның дивизиялары да жаудың соңғы бекінісі – Берлинге төніп келген-ді. 92-дивизияның гвардияшылары да ақтық айқасқа кірді. Еуропаны қанға бөктірген фашистердің үнін өшіріп, жеңіс туын желбіретер сәт те келіп жеткен еді. Әттең... Ақтық айқас үстінде Шегебай Ұзақбаев снаряд жарықшағынан ауыр жара­ланып госпитальге түсті. Жерлес досы Қал­кен әл үстінде жатқан Шегебайға келіп Берлиннің үстінде жеңіс туының желбіре­гендігін, жаудың тізе бүккендігін жеткізген. Бойындағы күші сарқылып, қайратты жүзін мұң кіреукелеген сарбаз соңғы күшін жиғандай, ақтық демімен бірге “Жарайсыңдар, жігіттер!” деп күбірлеген. Бұл оның жорықты жылдардың бұралаң жолдарын түйіндеген ақтық сөзі еді. Менің алдымда қызыл тысты фотоальбом жатыр. Оны кезінде неміс достары Шеге­байдың соңында қалған жалғыз ұлы Серікке жолдапты. Берлиннің госпиталінде опат болған қаһарман әке Шегебайдың есімін әспеттеп, ескерткіш белгі орнатылғандығын, қазақ сарбазының, “Смерш” сардарының ерлігі ел есінде мәңгілік жаңғырығып тұратындығын баян етіпті альбомдағы суреттер. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында кезінде немістердің өзі зор құрмет көрсеткен жерлесіміз Шегебай Ұзақбаевтың есімін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық де­пар­таменті де ескеріп, ескерткіш белгі орнат­са, соңында қалған жалғыз перзент Серік Ұзақ­баевты әкесі жерленген жерге барып зиярат етіп қайтуға жағдай жасаса, абыройлы іс болар еді деп ойлаймыз. Өйткені, майданда шаһит болған­дардың ешқайсысы да ұмытылмайды емес пе. Төлеген ҚАЖЫБАЙ. Ақмола облысы.