Аймақтар • 05 Мамыр, 2020

Алматы облысы: 160 адам індет жұқтырып, 39 науқас оңалды

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы сәтке дейінгі дерек бойынша Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 160 адамға жетті.

Алматы облысы: 160 адам індет жұқтырып, 39 науқас оңалды

Кейінгі анықталған 3 адам Іле ауданының тұрғындары екен. Олар Қаскелеңдегі ауруханаға жатқызылды.

Ал Жетісудағы індеттен оңалғандар үлесі 39 науқасты құрады. Бүгінгі мәлімет бойынша облыста коронавирус инфекциясынан 9 адам емделіп шықты. Оның ішінде 2 мен  10 жас аралығындағы 5 бала бар.

Індеттен оңалғандардың барлығы Кербұлақ ауданының тұрғындары екен. Үйіне баруға рұхсат алғандардың қатарында 34 жастағы жүкті әйел бар. Ол үш баласымен бірге Есік қаласында ем алған.

-34 жастағы жүкті әйел ауруханаға пневмония диагнозымен түскен еді. Жағдайы орташа ауырлықта болды. Дәрігерлер жүкті әйелді қатаң бақылауда ұстады. Ал әйелдің үш баласынан коронавирус екі күннен кейін анықталды. Балаларға белгілі алгоритм бойынша ем жүргізілді. Еңбекшіқазақ ауданынан тіркелген екі бала да бір отбасы мүшесі. Қазіргі уақытта барлығының денсаулықтары жақсы. Алаңдауға еш негіз жоқ, - дейді Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Жәмила Әбеуова.

 

 

 Алматы облысы