Қаржы • 06 Мамыр, 2020

Іскерлік белсенділік құлдырады

499 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сауда-саттықтың тоқырауы салдарынан Қазақстан экономикасы 1,3 трлн теңгеден айырылуы мүмкін. Сауда секторына коронавирустың келтіретін кеселін сараптаған Finreview.info осындай байламға келді.

Іскерлік белсенділік құлдырады

Наурыз айында елдегі іс­керлік белсенділік көп жылдан бері болып көрмеген деңгейге құлдырады. Кәсіпкерлер эко­но­миканың ең ма­ңыз­ды сек­тор­ларының көбінде жағ­дай күрделі екенін айтады. Элект­ронды коммерцияның өзі бизнес­ке карантин шараларының тигізіп жатқан теріс әсерін тежей алмай, бұрынғы табыс көзден бұлбұл ұшты.

Ең қатты құлдыраған сала – қыз­мет көрсету саласы. Мамыр айын­­да оның индексі 38,7 тар­мақ­ты құра­ды. Жаңа тапсырыс­тардың аз­ды­ғы, құрылыс жұмыс­тары­ның тө­мен­деуі мен жұмыс орны­ның азаюы құрылыс секторы­ның да көр­сет­кішін 43,5 тармаққа төмендетті.

Ақпан айынан бергі аралықта кәсіпкерлердің табысы азайып, шығыны мен берешегі көбейіп барады. Үш ай ішінде отандық ком­паниялар табысының 72 па­йы­зынан айырылғаны осыны көрсетеді. Өндіруші сектордағы компаниялардың табысы 6 есе төмендесе, қызмет көрсету сала­сын­дағы кәсіпорындардың кірісі 3 еседен артық құлдырады.

Іскерлік белсенділік индексі – шешуші макроэкономикалық өлшем саналады. Оны есептеу барысында өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салалары назарға алынады. Бизнес өкілдерінің арасында сауалнама жүргізу арқылы кәсіпкерлік саладағы ахуалға көз жеткізуге болады. Оның дең­гейі 50 тармақтан жоғары болса, көр­сет­кіштің оңалғанын білдіреді.