Руханият • 06 Мамыр, 2020

Құрсақта қалған бала

898 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жақсыны көру, жүзі жылы, сөзі түзу адаммен тілдесудің өзі бір ғанибет. Шипажайға барғанда, емнен кейін топ-топ болып жүргендердің арасынан иман жүзді біреу жылы ұшыраса, тілдесуге ұмтылатын ежелгі әдетім бар. Бұл журналистер қауымының табиғатына біткен өзіндік бір ерекшелігі болса керек. Өткен жылы Сарыағашқа тынығуға барғанда еңсесі биік, жетпістен асқан кісі кейде жаяулатып жүреді, кейде есікпен төрдей ақ «джиптің» тізгінін қолында ұстайды. «Е, мықтының бірі болды ғой!» – дедім іштей. Бірақ жаяу жүрсе де, көлікпен келе жатса да сәлемдесу ишарасынан жаңылмай, басын изеп, кісілігін көрсетіп жүреді. Сұрастыра келсем «Ақ-Тілек» деген шипажайдың қожайыны екен. Ірі мекеменің ірі бастығы жан тыныштығын әдемі ойластырған болды ғой дедік іштей, пенделікке салып.

Құрсақта қалған бала

Ақыры дидарласудың сәті түсті. Сөйлестік. Алпауыт мекеме бас­қарған ірі бастық болмапты. Аудан көлемінде қызмет жасапты. «Екі жылдан кейін 80-ге келемін», деді. Бойы биік. Сөзі ширақ. Ой байламы терең, лайсыз. «Екі ана­ны тел емген «тентек» едім», деп жылы жымиды да: «Анау, қожыр-қожыр төбенің етегіндегі шипажайдың иесімін. Оның жұрт­қа қызмет етіп жатқанына үш жыл­ға таяды», дегенді сөз арасына қо­сып қойды.

Ой бөлісу үстінде аңғар­ға­нымыз, арғы затында тектілік ба­ры бірден көрініп тұрды. Кісілігі басым, ізетті. Аты-жөні – Тілек Мыңжасаров болып шықты. «Асыл әжем Ұлтайдың айтуына қара­ғанда 1942 жылы, сұрапыл соғыс шаңдатып жатқанда, жаз маусымында өмір есігін ашыппын. Әкем майданға аттанғанда – алты айлық шарана – ана құр­сағында қалыпты. Кетіп бара жатып, «Ұлтуар аман босанса, атын Ті­лектес қойыңыздар!» депті. Әжем мен анамның жанарлары жас­қа толып артында қалған. Әкем әлгі тілегін майданға бара жатып, жол бойы елге жазған хатында тағы қайталапты. Ондағы ойы амандықпен оралуға тілектес болсын деген шығар. Ол кезде асыл әжем 65 жаста болса, аяулы анам осы күні қыз жасы деп жүрген 24-тегі уыздай ке­ліншек екен», деп бір тыныстап алды да әкесінің 11 ағайынды: 10 ұл, 1 қыз екенін айтып, 9 ұл ер­те о дүниелік болғанын, бір ұл, бір қыз сарқытқа қалғанын алға тартты. Он сегізге келгенде қыз да мәңгілікке бет түзепті.

«Жалғыз баланы жетелеп жү­ріп енді жеттім бе дегенде, әжем­нің ұлын, анамның серігін 1941 жылы басталған соғысқа әке­тіпті. Шешем: «Әкең майданға ат­тан­ғанда сен де бүйірімді бүл­кіл­деткенсің», – дейтін. Оның рас, өтірігін қайдам. Жарық дү­ниеге мен келген соң әкемнің сөзін екі етпей әжем: «Немеремнің аты – Тілектес! Мыңжасарымның оралуына тілектес болады, құлыным!» депті ағынан жарылып. Әжем туу туралы куәлігімді әне-міне деп жүріп бір жылға кешіктіріп алыпты. Ондағы ойы «Бұл да ертең әс­керге барады біреуден таяқ жеп қала ма, қару асынғанда тізесі дірілдеп жүре ме, бір жылға болса да есейгені дұрыс қой», деген-ау шамасы. «Аузы күйген үріп іше­ді», деп әжең сенің басыңнан құс ұшыр­май өтті мына жалғаннан өбектеп жүріп, дейтін анам».

Осы сәт ол басын төмен салып еді, тіп-тік қос жауырыны ең­кіш тартып, дидары әлденеше өзгеріп, маңдайдағы әжім іздері тау сағасының соқпағындай елес­теп кетті.

«Қазір ертегі секілді естілер. Со­ғыс кезінде жүректі бір үзім қара нан жалғап, бір жұтым су шөлді басқан. Анам мақта егіп, мақ­та терген. Ауыр бейнетіне 1-1,5 кило бидай тиетін болған. Соны талғажау етіппіз. Ол кезде жұмыстың барлығы дерлік қолмен атқарылатын. Е, қарағым, ер адамдар майданда, әйелдер тылда ерлік көрсетті. Бұлыңғырлау еске түседі. Ол кездің әйелдері шетінен қайратты, қарулы болатын. Таң қылаң бере мақталыққа кетеді, түннің бір уағында келеді. Содан да шығар, мен анамды көп көре бермейтінмін. Әжемнің қол­тығында жүріппін. Мына бір оқиғаны естігенде қу жанымды осы күнге дейін қоярға жер таппай, қиналатыным бар. Ол тұста мақта тергенде қауашақта қалып қоймады ма деп бақылайтындар көп болыпты. Бір жолы сондай тексергіш шолақ белсенді анама: «Мақтаның қауашағында мақта қалып қойған, сен халық жауысың деп, шешемді атын атамай-ақ қояйын, бір бригадир басына қам­шы үйіріп, жауырынына аямай сілтепті. «Өрім ізі білеу-білеу болып қалды», деп кейін есіне түссе анам өксігін баса алмай «Мыңжасар болса, маңымнан жү­рер ме еді ондайлар», – дейтін. Өз қолым өз аузыма жеткенде әл­гі бригадирді іздесем, өмірден өтіп кетіпті. Кім білсін, заман солай болды ма, әлде Абай айтқан заман­ға күйлегендердің күйкі тірлігі қамшы сілтетті ме, о жағын тап басып айта алмаймын», деген қария ойға шомып біраз үнсіз қалды.

Тілек Мыңжасарұлы әжесі мен анасын еске алғанда қатты тол­қып: «Қос бәйтерегімнің қадіріне жеттім бе, жетпедім бе?!» дей береді. Олардың талай ойранды көргенін, әсіресе мың жасар ма екен деген арман үмі­тін үкілеп, баласының атын Мың­жасар қойып, соның ертеңі үшін бар өмірін арнаған, бар қиын­дыққа төзген әжесін еске алғанда жанары жасаурап кете береді. Кейуана 94 жасқа келгенге дейін Мыңжасарынан үмітін үз­бей, тіпті «Мыңжасарға барам», деп пойызға отырып, біраз жерді шарлап қайтқанын да еске түсірді. «Ол тірі, келеді деп дұға да бағыштатпады. Соғыс кезінде ойдан шығарды ма екен, әлде шын ба әжем: «Ұлтуар, түнде түс көрдім, үш салт атты келді үйге, арасында Мыңжасар да бар, бір дастарқаннан дәм таттық. Ол тірі, оралады, үмітіңді үзбе!» дейді екен анам екеумізге кезек қарап. Сол сөзін әжем мен қатайып келе жатқанда да, ылғи айтып отыратын. Құлағыма әбден сіңгендіктен бе, әкем тірі дегенге иланып, көпке дейін үмітімді үзбедім. Сөйтсем әжем бір жағы келінінің көңілін аулау үшін, екіншіден төркініне кетіп қала ма деп қауіптенгендіктен айтатын болса керек. Оның үстіне нағашымда да ұл бала болмапты. Екі атаның үміт еткені мен ғана болыппын. Дегенім болмай жыласам нағашы атам қоса жылайтыны әлі есімде. Олар қандай мейірімді жандар еді деймін осы күні. Амал не, әкем майданнан оралмады. Әжем екеуміздің көптен күткен қуанышымыз ақталмады.

Әжем 96 жасында бақилық болды. 94 жасында мал атап со­йып, ас бергізді. Құран оқытты. Құшағына қысып мауқын басатын киімін бар замандастарына таратты. Сол күні көңілі босамаған бір адам қалмаған шығар. Ұлды күтудің қиындығын мен де сол жолы анық түсіндім. Осы күні балаларыма өткеннің қилы өткелдерін айтып отырамын. Сабақ алыңдар деймін. Қиын кезде санатқа қосылу оңай емес деген сөзімді ұққан жанға жалықпай айтамын», деп Тілек ақсақал толқыды.

Мектепке барғанда Тілектес атты екі баланы мұғалім бір партаға отырғызыпты. Бірі – ұл, екіншісі – қыз бала. Қыздың ата-анасы да майдандағы азаматтар аман кел­сін деген тілекпен Тілектес қойғаны белгілі. Балаңдау кезде тілектестер оны біле қоймаған. Өсе келе құрбылары түрлі әңгіме айта бастағанда, ол әжесінен атын Тілек деп атауды сұрапты. Мек­тепке жетелеп барып, жетелеп қайтып жүргенде түптің түбі осы алдымыздан шығады-ау деген әжесі оған қарсы бола қоймапты. Тиісті орындарға жүгіріп жүріп, барлық құжатты өзгертіп, Тілек Мыңжасаров деген куәлікті қолына ұстатыпты.

«Ауылдағы 4 жылдық мектепті аяқтаған соң 15 шақырым жердегі орта білім беретін мектепке бір қараңғы, бір жарықта есекпен қатынап оқыдық. Бір оқиға есім­нен кетпейді. Бүкіл ауыл бір күні көздері бұлаудай болып жылап жүрді. «Қайтіп күн көреміз?» деп өксиді шетінен. Біз балалар ауыл­дың аман-есен екенін көріп жүр­міз. Үй басы тыныштық. Сөйтсек, өлген Сталин екен. Оның кім бол­ғанын кейін білдік қой», дейді Тілек қария.

Соғыс зардабы бірте-бірте сейі­ліп, ел еңсе тіктей бастағанда Тілек Мыңжасарұлы мектеп біті­ріп, екі анаға қалай қолғанат болсам екен деп, әр тарапқа көз салады. Әжесі өз ұлының майданнан аман келетініне әлі сенімді. «Біз сел­бесіп күн көреміз. Әкең келгенше орта білім ал», деп әжесі Шымкент қаласындағы өлкелік Тұтынушылар одағының кооператив техникумына бағыт береді. Анасы әжесі айтса заң деп ұғады. Техникумды бітіргеннен кейін әскерге аттанады. Баку қаласында борышын өтейді. Әжесі бұл кезде: «Екі ұлым да әскерде жүр», – дейтін көрінеді. Кейуана өз сені­мінен бір ауытқымаған, оған ешкімнің шәк келтіруіне жол да бермеген. Тілек әскерден келіп, қызметке орналасыпты. Соғыс баласы шымыр келетіні белгілі. Біраз мекемеде есепші, бас есепші болады. Үй тірлігіндегі қара жұмысты да, кеңседегі қалам жұмысын да мінсіз атқарады. Қиядан жол та­уып, ұяда қанатын қатайтқан оны аудан көлеміндегі белді қызметтерге шақырса, Ұлтай әжесі, көз алдымда жүрсін деген ниетпен: «Ауылдан алыстап, елден қол үзіп қаласың», деп жібере қоймайды. Кейін өмір ағысы ол кісінің де шеңбердегі ойын бұзып, өрісін кеңейткенде немересінің алдынан шықпай, сәттілік тілепті.

Ол жиырма жылдан аса уақы­тын мақта шаруашылығына, оны өркендетудің есеп-қисабына арнапты. Болаттай берік деп иланған Одақ қирап, еліміз азаттығын алған тұста халықтың дағдарып қалғаны белгілі. «Мақтамен мақ­танып отырған жұрт ес таппай есеңгіреді ме, қалаға ағылды. Со­ғыс тұсы еміс-еміс есімде, одан кейінгі тір­лік көз алдымда. Екі анамның сол уақыттағы жасы­маған жігері мені қанат­тан­дырды. Осы далада бабаларым өсті, өнді, мен сол жолда қалам деп бекіндім. Мағжан деген ақынның: «Адамзаттың бәрі – еңбекші, бәрі – құл» деген өлеңі ойымнан кет­пейтін. Мағынасы терең бес сөз белімді бекем буғызды. Балалар қатты қайырымға келе қоймаған кез. Кіндік елден кетпейін де­дім. Үлесіме тиген 30 гектар жер­ді іске жараттым. Қат болып тұр­ған, мақта тұқымын өндіретін «Қара­ша» шағын шаруашылығын құр­дым. Иесіз қалған жерлерді алып, үлесімдегі жер көлемін 130 гектарға жеткізіп, мақта ек­тім. Тұқым шаруашылығым да, мақ­та өндіру де ілгері жылжыды. Сұра­ныс артты, тапсырыс көбейді. Бос жүрген жүздей адамға жұмыс табылды. Олардың үйі жоқтарына жер беріп, айлығыңнан аздап тө­леп отырасың деп, құрылыс мате­риалдарымен қамтамасыз еттім. Шетінен олар үй тұрғызып жатты. Малы жоққа мал беріп, өнімін пайдалан дедім. Осылайша жасаған тірлік өсуімізге, өнуімізге септігін тигізді. Қаржы молайды», деген Тілек Мыңжасарұлы өзінің соғысқа қатысқандарға, тыл еңбеккерлеріне ерекше ілтипатпен қарайтынын, өзінің тірлігіне тиянақ болған қос анасы екенін, одан кейін бір жылы Сарыағаш шипажайында ұлт батыры Бауыржан Момышұлымен бірге демалып, сол аз күнде алған тәлімі «қару» бол­ғанын алға тартады. «Батыр бір төбе, қалғандарымыз бір төбе едік. Қарапайым жұрт батырды төңіректеп жүреді. Сөз естіп қала­мыз ба дей ме, шіренгендер аулағырақ кетеді. Бет-беделіңе қарамайды екен, қағып тастайды. Әділдік пен шындық десе, оны көтере айтады, өтірікке өре тұрады. Мен тез табысып кеттім. Әжем туралы әңгімем қатты ұнады. Бір жолы: «Жеңісті біз емес, сол аналар әкелді. Ардақтай алдың ба әжеңді?», деп гүр ете түсті. Үнім өшіп қалды. «Олар жанкешті еңбек етпегенде бітіп едік. Осы күнгілер көк жалқау, сырғақ. Тек сөйлей береді. Сен аналарың секілді еңбек ете білесің бе, әлде одан салса, бұдан озып жүрген біреусің бе?», деді. Үндемедім, бірақ мен үшін батырдың осы айтқаны алдымдағы тура жолға айналды», деп ол зер­десінің барлығын танытты.

Әкеден ана құрсағында қалған Тілек Мыңжасарұлы атасы, әкесі, өзі – үш жалғыздан ұш ұл, екі қыз, олардан жиырма немере, он шөбере барын, мұның бәрі ана­ларының қуат-күші, жігер-қайратымен жалғасқанын айтып, қазақ­тың бүгінгі күніне шүкірлік етіп, келешегіне кемелдік тілейді. «80-ге бет алған соғыс баласы бұ­дан өзге не айтады», дегенді де сөз ортасына қосып қойды.

Тілек Мыңжасарұлының еткен еңбегі елеусіз емес көрінді. Оны сұрағанымызда: «Мен еңбегімді пұлдаған адам емеспін. Құрмет көрсетіп жатады. Тиісті мекемелер 2018 жылдың үздік шипажайы деген атақ беріпті. Рахмет! Бірақ соны барып ала қоймадым. Себебі, мен сияқты қызмет етіп жатқандар аз емес қой. Артық мақтан, артық атақ ауыр жүк секілді көрінеді. Менің кейінге қалдырған бар жетістігім: ұрпағым, одан кейінгі табысым қиын кезеңде қираған шаруаны оң жолға салып, жүз­ге таяу адамды жұмыспен қамтыға­ным. Денсаулығына шипа іздеген­дер демалсын деп «Ақ-Тілек» меке­­ме­сінің жұмысын жолға қой­ға­ным. Ендігі бар айтары тіле­гім, осыны кейінгілер ұғынып, ұр­па­ғым жалғастырып, ұлтына қыз­мет етсе – арман-мақсатыма жет­кенім болар еді. Аналарымның үмітін ақтап, адал ісіммен артыма жақсы сөз қалдырсам болғаны», деп сексеннің сеңгіріне аяқ басып қалған Тілек Мыңжасарұлы әңгімені түйіндегенде, Абайдың: «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген сөзі көкейде күмбірлеп сала берді.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

журналист