Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Соғыстан да, еңбектен де ордені бар

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарасай ауданы бойынша қазір сегіз Ұлы Отан соғысының ардагері Жеңістің 75 жылдығына аман-есен жетіп отыр. Солардың бірі – Ыдырысов Чайке қария.

Соғыстан да, еңбектен де ордені бар

Жақында  95 жасқа толатын­ ақ­сақал бүгінде сыртқа көп шық­пайды. Өйткені сонау соғыстың жү­рекке салған салмағы әлі күнге ауыр, әрі ыстыққа да, суыққа да төзіп, қанды шайқаста да, қар­қынды еңбекте де бар күш-қай­ратын аянбай жұмсағандықтан, сондай-ақ қарттығы «қамауға» алғандықтан әр-әр жері ауырады, таяққа сүйеніп жүреді.

Дегенмен, құрметтеп үйіне келіп сәлем бергендер мен не­мере-шөберелеріне  асықпай айтатын әсерлі әңгімесі жетіп артылады. Себебі ойындағы отты  күн­дер мен көңіліндегі көп игі істер көмескі тартпаған, басынан кеш­кенінің бәрін ескіртпей есіне алады...

Чайке атамыз 1925 жылы 5 мамырда Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданындағы Еңбекші ауылында туған екен. 1942 жылы наурыз айында комсомолға өтеді, ал тура бір жылдан соң әскери комиссариаттан шақырту келеді. Мұнан кейін Петропавл қаласында үш ай айлық дайындықтан өтісімен, неміс фашистерімен со­ғысқа жіберілген.

Аласапыранға толы ауыр жо­рық жолдары жас жігітті Мо­гилев, Жи­томир қалаларына дейін апарып, 1943 жылы қазан айында Минск қаласының түбіндегі бір айқаста жараланған. 1944 жы­лы наурызда Удмуртиядағы Кизнер  стансасындағы госпиталь­дан шы­ғып, қан майданға қайта оралған.

Содан Брянск қаласы, Литва, Шы­ғыс Пруссия, Румыния, Ке­нис­бергтегі соғыстарға қатыс­қан. 1945 жылы ақпан айында ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз ор­денімен наградталған. Басқа да жауынгерлік медальдары бар. Айтқандай, майдан даласында тағы да бір рет жараланыпты.

Соғыстан соң да әскерде қыз­мет етіп, елге тек 1948 жылы қай­тыпты. Бейбіт  еңбекте де (құры­лысшы) берекелі ісімен таныл­ған ардақты атамыз енді  кеу­десіне Еңбек Қызыл Ту ор­денін жар­қырата тағыпты. Бір қы­зығы, Чайке атамыздың алдыңғы қатар­лы еңбеккер ретіндегі суреті сол кездегі одақтық «Труд» газетіне және «Қазақстан әйелдері» журналына шығыпты.

Марқұм кемпірі Күпан әже Кем­пі­рекқызы екеуі үш ұл, екі қызды жақсы адам етіп өсірген. Олар­­дан 12 немере, 20 шөбере көрді.

Міне, сұрапыл соғыста гаубица дейтін зеңбіректің оқтаушысы бол­ған, кейіннен шаруашылықта алды­мен жылқы баққан, онан соң құрылысшы ретінде көп жұмыс тындырған майдангер қарт осындай өмірі өнегелі, ісі үлгілі жан.

Жасай беріңіз, Чайке ата!

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы