Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталды

409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкіметке Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдарымыздың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету тапсырылды. Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайды, деп жазған еді өзінің туиттердегі парақшасында Президент Қ.Тоқаев.

Су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталды

Ал Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басуына қатысты мәселе қаралған Үкіметтің селекторлық отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтік комиссия Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залалға шұғыл бағалау жүргізетінін мәлім етті. Одан соң инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары басталады. Сондай-ақ А.Мамин Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.

Түркістан облысы Мақтаарал аудан­ында орын алған төтенше жағдай салдарынан бүгінгі таңда, алдын ала есептеулер бойынша, 845 тұрғын үйді, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина нысаны мен мәдениет үйін, 10 дүкенді су басқан. Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автожолдарды су шайды. «ҚазСушар» РКМ-нің 5 мамыр күнгі деректері бойынша Жеңіс елді мекенінде су деңгейі 2 сантиметрге, Жаңатұрмыс ауылында  – 3, Арай елді мекенінде – 4, Өргебас ауылының кіреберісінде 6 сантиметрге төмендеген. Дегенмен, елді мекен­дерді су басуының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан істер бәсең­сіген жоқ, керісінше қосымша күш­тер жұмылдырылып жалғасын табуда. Бұл орайда халықты құлақтандыру мақ­сатында Мақтаарал ауданының 15 елді мекенінде 38 дабылды ескерту құрылғысы орнатылған. Нұрлы жол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, Мырзакент кенті бағытында Фирдоуси елді мекенінің аумағында 3 коллектор орнатылған. Бұдан бөлек Мақтаарал ауданы аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Республикасы тарапынан Жетісай ауданы, Қоғалы елді мекенінің маңынан «Орталық Бетпақдала коллекторы» арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылды.

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстарды баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректер келтір­ді. Ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлердің мүл­кін қорғау үшін 8 блок-бекет орнатылып, Полиция департаментінің жеке құра­мынан жалпы 335 қызметкер мен 57 ар­найы автокөлік жұмылдырылған. «Алдын ала жинақталған мәліметтер бо­йынша көлемі 7639 гектар егістік жерді су басқан. Сонымен қатар мал шығыны нақ­тылануда. Қазіргі таңда осы жоғарыда аталған шығындарды есептеп жатырмыз», деді Өмірзақ Шөкеев. Сондай-ақ облыс әкімі жалпы 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланғанын, 7 елді мекенде су басу қаупі әлі де жоғары екенін айтып өтті. Ал Мырзакент және Ақжол елді мекендерінің тұрғындары өз үй-жайларына қайта оралуда. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін
ауданда төтенше жағдай жарияланғалы бері 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 бірлік техника жұмылдырылды. Соны­мен қатар Қызылорда, Жамбыл облыс­тары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сораптар көмекке келіп жетті. Бұдан бөлек Ұлттық ұлан әскери бөлімінен 413 әскери қыз­меткер мен 37 бірлік техника тартылды. Қо­сымша Алматы қаласынан Ұлттық ұлан­ның құтқару батальонынан 320 әске­ри қызметкер мен 26 бірлік техника келді.

Жергілікті басшылар тасқын су орын алған ауылдардың халқымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тасқын су астында қалған ауылдардың тұрғындарымен жүздесуінде қауіпсіз аумаққа көшірілген халыққа Үкімет тарапынан нақты көмек көрсетілетінін атап өтті. Зардап шеккен ауыл азаматтарының әрқайсысына өтемақы төленетінін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен БАҚ арқылы тарап жатқан су тасқыны жөніндегі түрлі бұрмалаушылықтарға қатысты өз пікірін білдірді. «Халық дұрыс, яғни ресми, шынайы ақпарат алуы керек. Әсіресе әлеуметтік желілерде аумақтағы жағдайға қатысты елді дүрліктіретін жалған ақпараттар таралып жатыр. Ең бастысы, адам шығынынан аманбыз. Ал шығындар есептеліп, толық өтеледі», деді аудан әкімі.

Эвакуация орындары ретінде бекі­тілген мектептер мен колледж, мешіттерде орналасқан тұрғындар осындай қиын-қыстау кезеңде қолұшын созып жатқан Мемлекет басшылығына, Үкіметке, облыс, аудан басшыларына және барлық қазақстандықтарға шынайы алғыстарын айтуда. Ал осы эвакуациялық пункттердегі балалар 6 мамырдан бастап сабақтарын қашықтан жалғастыратын болады. Бұл ретте білім басқармасы оқулықтар мен оқу құралдары тиелген жүк көлігін Мақта­аралға жіберген. Сондай-ақ көршілес облыстар мен кәсіпкерлер тарапынан түрлі көмектер көрсетіліп, қолдау білдірілуде. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігі атынан 30 тонна, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорынан  20 тонна азық-түлік келіп жетті. Облыстық, аудан, қалалық мәслихат депутаттары жалпы сомасы 21 млн теңге болатын, ал сарыағаштықтар жалпы құны 1 млн 735 мың теңгенің  гуманитарлық көмегін  көрсетті.

 

Түркістан облысы