Саясат • 06 Мамыр, 2020

Халық амандығы бәрінен қымбат

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде орын алған жағдайға байланысты карантин мерзімін мамыр айының 11-не дейін ұзарту туралы шешімі жұртшылық тарапынан үлкен түсіністікпен қабылдануда.

Халық амандығы бәрінен қымбат

Қазақстанның осы бір аса қауіпті індетке қарсы дер кезін­де қабылдаған шаралары Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық сарапшылар тарапынан оң бағаланды. Елімізде наурыз айының ортасынан бергі карантин тәртібі тиісті нәтижесін берді. Індет біршама бәсеңсіді. Алайда босаңсуға әлі ерте.

Мамыр айының басында елі­мізде мерекелік көңіл күй орын алады. Халықтың бірлігі мен ын­тымақ мерекесі, 7 мамыр Қазақстан Қарулы күштері күні­не және биылғы Жеңістің 75 жыл­дығына жалғасады. Көңілге қуаныш ұя­латқан көктемнің шуақты да шырайлы шағында биыл қиындық орын алып отырғаны баршаға белгілі. Мұндай кезде жағдайға түсіністікпен қараған жұртшылық Пре­зидент шешімін оң қабылдап отыр. Халқымыздың басым көп­шілігі онсыз да демалыс күндері жұмыс істемейді, қызметке шық­пайды.

Алайда бұл тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде орын алып отырған ауыр кезең екенін біз жақсы түсінеміз. Дағдарыс қысқан осындай қысылтаяң күндері Мемлекет тарапынан табысы төмен, жағдайы нашар отбасыларға айтарлықтай көмек көрсетіліп, халықтың едәуір бөлігіне әлеуметтік қамқорлық жасалып жатқаны қуантады. Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс және тыл ардагерлеріне әкімдіктер тарапынан тиісті қамқорлық көрсетіліп келеді. Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары ардагерлердің ер­лігі мен еңбегін барынша еске алып, кейінгі ұрпаққа насихат­тауда. Осы орайда мереке қар­саңында барша майдангерлерді Жеңіс күнімен, Қазақстан Қарулы күштері күнімен құттықтаймыз.

Ал осы мамыр айының басын­дағы мереке күндері карантин тәр­тібін сақтап, әркім өзінің шаңы­рағында, өзінің отбасымен бірге болып, айтулы мейрамды жылы шырайлы, емен-жарқын қарсы алғаны орынды деп білеміз. Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысының карантин мерзімін белгілі бір мер­зімге ұзартқаны өте тиімді әрі көрегендік болды. Еліміздегі Төтен­ше жағдайлар туралы арнайы комиссияның қабылдаған шешімі бойынша карантин тәртібі біршама жеңілдетіле бастады. Дегенмен, сақтық шаралары қашанда керек. Азаматтарымыздың амандығы, халықтың денсаулығы бәрінен маңызды. Қазақстан жұртшылығы бұл шешімді түсіністікпен қабыл­дап отыр.

 

Ақан БИЖАНОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры