Білім • 06 Мамыр, 2020

Оқу жылы ойдағыдай аяқталады

810 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, қашықтан оқыту жүйесіне байланысты көп сын айтылды. Әсіресе білім берудің бұл үлгісі қолданысқа енбей тұрып сыннан көз ашпады. Көпшілік болған соң алуан пікірдің болатыны анық. Бірақ біз бұл қадамға індеттің таралуына жол бермеу үшін барғанымызды ұмытпауымыз қажет.

Оқу жылы ойдағыдай аяқталады

Міне, «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ел Президенті Қ.Тоқаев осы мәселеге кеңірек тоқ­та­лыпты. Шынында қазіргідей карантин жағдайында бұл оқыту жүйесіне балама жоқ. Енді Президент айтқандай, қашық­тан оқыту жүйесін әлі де жетілдіре түсу қажет. Иә, алғашында интернеттің жылдамдығына байланысты ұстаздар мен ата-аналардың арасында біраз түсініспеушілік болғаны рас. Бірақ бірте-бірте бұл мәселе де орайын тауып, қашықтан оқыту қазір қалыпқа түсті.

Төтенше жағдайдың ауыртпалығы барлық саланың мамандарына түсуде. Солардың ішінде дәрігер, мұ­ғалім, полиция қызметкерлері, ақпа­рат құралдарының өкілдері ерекше белсен­ділік танытуда. Карантин кезінде үйде отырып, балаларға білім берудеміз. Әйтеуір балалардың білім алуға деген ықыласы, ынта-жігері жаман емес. Үй тапсырмасына жауапкершілікпен қарайды. Президент өз сұхбатында қашықтан оқытудың уақытша қиындық екенін айтып, оқу жылының ойдағыдай аяқталатынына сенім білдіріпті.

Адамның негізгі құндылығы – білім, ал білімді ұрпақ – ұлт байлығы екені бәріңізге белгілі. «Білімсіз халық қанша бай болса да, байлығы басқа халықтың қолына көшеді» деп Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының біліктілікпен айтқан сөзі бүгінгі таңда да өзінің мәнін жоғалтқан жоқ. Президент Қ. Тоқаев мұғалімдердің осынау қысылтаяң сәттегі еңбегін бағалап, сұхбат бары­сын­да ұстаздар қауымына алғыс біл­діруі кеудемде мақтаныш сезімін оятып, күш-жігер берді.

 

Серік ТӨЛЕНДИЕВ,

М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі

 

Шымкент