Бастабында, қызметтік-іскерлік шаруамен жүрген көп түріктің бірі шығар деп аса мән бермедік. Десе де, пендеауи қызығушылық қалған ба, қадірлі қонақты бір көрмекке ынтамыз ауып, ақырын барып барлай-шолып байқасақ... о, жасаған, күллі жұрт түрік деп дүрлігіп жүрген қонақ кәдімгі өзіміздің Халифа Алтай атамыз екен. Жарықтық көзіме оттай басылды. Бір көруге арман боп жүрген ардақты қарияның кездескен жерін қарамайсыз ба!? «Ассалаумағалейкумді» азандата созып, иіліп барып атаның ыстық алақанын қос қолдап қымқыра ұстадым. Атамыз бәсең дауыспен сәлемімді алды. Шүйдесі еңкіш тартқан жұқалтаң адам екен «бұл кім болды» дегендей, бетіме бажайлап қарап алды да, үнсіз отыра берді.
Қасында жары Бәтіш апа (Бибәтіш Жүнісқызы) бар екен. Қайта апамыз: «Төрлет, қарағам, қайдан жүрсің?» деп, қазақы әдетпен жөн сұрай қалғаны. Маған да осы сұрақ керек еді... Қайда туып, қайдан келгенімді айтып сарнадым кеп. Атамыз үнсіз тыңдап отыр. Бір кезде бұрылып қарады. – Жөн, қарағым, Қобда бетінің қазағы екенсің ғой... – деп әңгіме ауанын өзі кеңітіп, ана-мынаны сұрап... әңгіменің көші түзелгендей болғаны. Мен де қарап қалмай, ақсақалдың бұл қалаға неге келгенін сұрадым. Жарықтық көпті көрген көрік кеудесін бір көтеріп қойып, шанағы кепкен көне домбыраның үніндей қоңыр дауысымен сөз бастады. Менің түсінгенім: атамызды бала кезінде оқытқан руы найман-сарыжомарт ұстазы болған екен. Сол кісі 1960-шы жылдары арғы беттен осы жаққа өтіпті. Соны іздеп келген беті. Тірі болса көзін көріп батасын алмақ, жоқ болса үрім-бұтағын тауып батасын бермек.
Осы мәселе бойынша ертеңінде атам екеуміз іздеуді бастадық. Алдымен облыстық «Дидар» газетінің редакциясына бардық. Ол жерде қаланың зиялы қауым өкілдері жиналып күтіп отыр екен. Барлығымыз фотоға түстік (суретте). Ақсақал ұстазының дерегін де тапты. Ертеректе Күршім жаққа қайтыс бопты. Кейін жарықтық сол ұстазының немере қызын әдейі Алматыға алдырып, өзінің үйінде тұрғызып, оқуын аяқтатты. Өз басым әлі күнге дейін осы оқиғаны есіме аламын. Ұстазға деген неткен құрмет, неткен адалдық...
Күн бесін ауғанда атаммен бірге қоналқы орынға келіп жайғастық. Бұл кісілер таңмен таласа жолға шықпақшы. Содан қарап отырмай әңгіме өрбіттім. Бір жыл бұрын от орнымнан ұшып атажұртқа қоныс тепкенімді айта келіп, тұрмыстық жағдайдың онша болмай тұрғанын, «атамекен деп аңсап жеткенде...» өзімше іштегі шер-шеменді төгіп жатырмын. Атам жарықтық үңіліп бетіме қарады (бұл не айтып кетті дегендей). Орыннан тұрып келіп қарсы алдыма отырды. – Қарағым, - деді. – Сен бақытты адамсың, мен сияқты жер әлемді шырқ айналып, тісі барға тістетіп, азуы барға алдырып, арман болған атамекенге зорға жетіп отырған жоқсың. Мені тыңда, шырағым, 1930-жылдары Алтайдан ауа көшіп Гансу өлкесіне келгенде біз 18000 адам едік. Осылардан 5000 адам Тибетке тірі өттік. 1941 жылы Үндістанға 3000 адам өтіп, 1942 жылы осыдан 1000 адам ғана тірі қалдық. Ақсақал осыны айтып, терең күрсінді. Өткен өмірі, бастан кешкен қиын күндері елес берсе керек. Үнсіз қалды. Аздан соң еңсесін қайта тіктеп алып:
– 1941 жылдың күзінде босып жүріп Үндістанның Мұзапар-Абат қаласына зорға жетік. Қаланың айналасын қалың қарағайлы тау қоршаған. Біз өзеннің бергі шетіне шатыр тігіп орналастық. Күнде жаңбыр. Су тамшылары баспанамыздан өтіп, көрпе-жастық, киім-кешек түгел көгеріп кетті. Алды иістеніп шіри бастады. «Жұт жеті ағайды» дегендей, ұзақ жауған жаңбырдың салдары ма, жаппай ауру-дертке ұшырадық. Аурудың сырын ешкім білмейді. Көп адамдар есінен ауысып жынданып кетті. Біреулердің бет-аузы ісіп, тұлабойына жара қаптап, тіпті тірідей тістері шіріп кеткендер қаншама. Күн сайын оншақты адам ажал құшады. Өлген адамдарымызды қалалық зиратқа немесе қоныс сыртына жерлетпейді, ұлықсат жоқ. Шатырдың сыртында қарулы әскери күзет. Амалсыз өлген адамдарды шатырлардың арасындағы бос жерлерге көміп, өзіміз олардың зиратын жастанып, өлгендермен бірге өмір сүрдік. Бітіретін жұмысымыз күні бойы тек зират қазу. Мүлде түтіні өшіп қалған отбасылар да болды... Осылай Үндістан мен Пәкістанда 12 жыл тұрдық. Ешкім бізді азаматтыққа қабылдамады. Жанымызды жалдап күн көрдік. Ел бөтен, жер бөтен, салт бөтен елде өмір сүрудің қиынын бастан өткердік. Алғаш барған алты жылда әйел затының жатыры шошынып, бірде-бір нәресте дүниеге келмеді. Егер бір жаққа көшпегенде сол күйі тұқым-тұяғымыз құрып жоғалар еді... Шырағым, құдай берген құтты шаңырағыңа реніш айтушы болма! Қазіргі азаттықтың қадірін білмесең, ешқашан ел болмайсың, балам! Тыныштық бар жерде бақ тұрады, деп аталық өсиетін айтты.
*****
Атамның бұл әңгімесі сол кезде қатты әсер етті деп айта алмаймын. Бірақ, бір үтірін қалдырмай жазып алыппын (қолжазба әлі сақтаулы). Бірақ бұл сөз көкейімде әрқашан жаңғырып жүрді. Кейін, тіпті бертінде түсінгендей болдым. Атам жарықтық азаттықтың не екенін, басында өзінің жеке шаңырағы бар тәуелсіз мемлекет болудың қадірі қанша қымбат екенін, терең де, толық түсінген һәм соны өмір бойы аңсаған жан екен. Сондықтан да қазақ елінің амандығын тілеп, көзі жұмылғанға дейін ел-жұртты жақсылыққа шақырудан таймады.
Сонау 1992 жылы табанының ізі қалған Өскеменде бертінде сән-салтанаты келіскен мешіт тұрғызылды. Сол мешітке оқымысты діндар, ағартушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының тұңғыш лаураеты Халифа Алтайдың есімі берілді. Қазақ айтатын: «Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» деген осы шығар.