Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Түркістан: Салынған жолдардың сапасына шағымданушылар көп

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Түркістан облысында автокөлік жолдарын жөндеу, жаңадан салу бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Алайда жолдың сапасына көңілі толмай, арызданушы тұрғындар да баршылық. Мысалы, Созақ ауданы Тасты ауылы тұрғындарының арыз-шағымдары негізсіз емес екені мәлім болып отыр.

Түркістан: Салынған жолдардың сапасына шағымданушылар көп

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған  «Сапалы жол» жобасы аясында Созақ ауданының автокөлік жолдарына кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілген. Автомобиль жолдарының сапасына сараптама жүргізу арқылы жолдарды төсеу мен жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық кұқықбұзушылықтарының алдын алу және бюджет қаражатына салынған жолдарға тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында жүргізілген мониторинг барысында Тасты ауылындағы Бауыржан  және Жамбыл көшелерінің тегістігі, асфальт - бетон жамылғысының беткі жағының бұзылу деректері мен оның қалыңдығы  сметалық құжатқа сәйкес келмейтіндігі белгілі болды.  Сондай-ақ Шолаққорған ауылында орналасқан Жамбыл, №30, №32 және  А.Мұқанов көшелеріне жүргізілген арнайы бақылау жұмыстары кезінде көше қиылыстарының біріктірілген тұстарының шашылу деректері мен жол төселімінің қалыңдығы біркелкі еместігі  анықталды.  Салынған жолдардың сапасы сын көтермейтінін анықтаған мамандар мердігер жұмысындағы кемшіліктер бойынша  акт түзіп, мердігер мекеме басшыларына қайта жөндеуден өткізуге ұсыныстар берді.  

Айта кетелік, қоғамдық бақылау жұмыстарына Созақ ауданы әкімінің орынбасары Б.Әлмағанбет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті  басшысының бірінші орынбасары М.Қарғабай мен Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ғ.Жүндібаев, аудандық арнайы мониторингтік топ мүшелері және облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» РМК мамандары мен  жауапты мердігер компанияның басшылары қатысқан. Алдағы уақытта да барлық қала, аудандардың жолдары бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмек.

Соңғы жаңалықтар