Осыдан бірер ай бұрын жаттығу жұмыстарын бастаған 53 жастағы Майк Тайсонға қазірдің өзінде түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Мәселен, аустралиялық промоутер Брайан Аматруда өз еліндегі 10 мың көрерменге есептелген Melbourne Arena және 30 мың адамды сыйдыра алатын Princes Park стадиондарында қайырымдылық жекпе-жектер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Егер қос тарап ортақ мәмілеге келсе, осы сапардан Майктың қалатасы қамиып қайтатыны анық. Осы ойын іске асыру үшін Аматруда Тайсонға қарсыластарды да қарастырып қойған көрінеді. Сол секілді басқа да белді ұйымдар мен жекелеген бай-қуатты азаматтар тарапынан жоғарыдағыдай бірнеше ұсыныс түсуде.
Естеріңізге сала кетейік, 1985-2005 жылдар аралығында шаршы алаңды шайқаған Майк Тайсон 20 жасында әлем чемпионы атанып, осы атаққа қол жеткізген ең жас боксшы ретінде тарихта қалды. Аса ауыр салмақта 11 жыл бойы ешкімге дес бермей, қатарынан 46 жекпе-жекте жеңіске жетті. Барлығы 58 мәрте рингке көтерілген ол 50 рет басымдық танытты. 44 қарсыласын ұрып жықты. Алты рет ұтылып, тағы екі бәсекенің нәтижесі есепке алынбады.