
АҚШ-тың 9 миллионға және Ұлыбританияның 2 миллионға жуық тұрғыны «facebook» әлеуметтік желісін қолданудан бас тартты. Бұл туралы «Экспресс К» газеті мәселе көтерді.
«Адамдар АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің жасырын бақылауы сынды БАҚ-та кеңінен көтеріліп отырған киберкеңістіктегі жеке мағлұматтар қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмеу мәселесіне күннен күнге алаңдаушылық білдіруде», – деді «Cyberpsychology, Behaviour and Social Networking» журналының редакторы Бренда Уидерхолд.
Бұл мәселенің неліктен туындағанын анықтау үшін Вена университеті біраз зерттеу жасап, желіден бас тартушылар арасынан сауалнама жүргізген еді. Сауалнама нәтижесі бойынша, желі тұтынушыларының 48,3 пайызы ғаламтордағы жеке мағлұматтарының бақылауға ұшырауынан қауіптенген. Ал 13,5 пайызы желі қызметіне көпшіліктің көңілі толмауын негізге алса, қалғандары әлеуметтік желіге тәуелді болып қалудан қорқатын көрінеді.
Айдар Өрісбаев.