Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Нұр-Сұлтанда сәби өлімі 53%-ға азайды - Бақтияр Мәкен

97 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада медицина ұйымдарының басшылары 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша міндеттерді талқылады. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайты хабарлады.

Нұр-Сұлтанда сәби өлімі 53%-ға азайды - Бақтияр Мәкен

- Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтанда сәби өлімі 53%-ға азайды,-  деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен денсаулық сақтау мекемелері мен медицина ұйымдары басшыларымен болған жиында.

Дегенмен, қала басшылығы босану ұйымдарының жұмысын бұдан да жақсарту қажет деп санайды. Бірінші тоқсан бойынша туу көрсеткіші – 7 241 бала. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 264 балаға көп. Сонымен бірге нәресте өлімінің деңгейі былтырғы 6,7-ге қарағанда 3,7-ні құрады.

Жиын барысында медицина ұйымдарының басшылары жіті миокард инфаркті, жіті инсульт, онкологиялық аурулар және жарақаттар мен жазатайым оқиғалар кезінде медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу бойынша Жол карталарының орындалуы, сондай-ақ босандыру кезінде көрсетілетін медициналық қызметтер сапасын бағалау индикаторларының орындалуы және медициналық әлеуметтік сақтандыру мәселелері туралы баяндады.

Қала әкімінің орынбасары билік пен медицина мекемелерінің алдында COVID-19 таралуының алдын алу және коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу бойынша жауапты міндет тұрғанын еске салды.

Нұр-Сұлтан қаласында денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 24 индикатор анықталған. Олардың көпшілігіне бірінші тоқсанда қол жеткізілді.