Спорт • 06 Мамыр, 2020

Эвандер Холифилд те шаршы алаңға оралғысы келеді

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой рингтегі өзінің сыралғы қарсыласы әрі отандасы Майк Тайсонның жаттығуды бастап, спорт залда тер төгіп жатқанын естіген әйгілі Эвандер Холифилд те шаршы алаңға оралғысы келетінін мәлімдеді.

Эвандер Холифилд те шаршы алаңға оралғысы келеді

Биыл күзде 58 жасқа толғалы отырған Эвандердің де спортық мансабында жарқын жеңістер аз болған жоқ. 1983 жылы Панамерика ойындарында күміс және 1984 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында қола медальді иеленген АҚШ-тың Алабама штатының тумасы ғаламдық дода аяқталған бетте кәсіпқой рингтке күш сынасуға бел буды. 27 жылға жуық уақыт бойы жұдырықтасқан Холифилд 57 кездесу өткізіп, 44 рет жеңіске жетті. 29 қарсыласын нокаутқа жіберді. 10 мәрте ұтылды. Екі рет тең түсіп, тағы бір бәсекенің нәтижесі есепке алынған жоқ. Ол бірінші ауыр және аса ауыр салмақта бірнеше мәрте ең белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы және абсолютті чемпион атағын иеленді. Эвандер 49 жасқа келген шағында ғана былғары қолғабын шегеге ілді.

Атышулы Майк Тайсонмен Эвандер Холифилдтің жолы екі мәрте қиысты. 1996 жылдың 9 қарашасында өткен бәсеке 11 раундта тоқтатылды. Эвандер Майкты қарсыласын ауыр соққылардың астына алғаннан соң төреші араша түсті. 1997 жылдың 29 шілдесінде Холифилдің құлағын екі рет оңдырмай тістегені үшін Тайсон рингтен қуылды.