Жақсылық Әмірәліұлы 1951 жылдың 6 мамырында Жамбыл облысы Байзақ ауданының Тегістік ауылында дүниеге келді. Еркін күреспен екі жыл ғана айналысқанына қарамастан ол Қазақстан чемпионы атынды. Соған қарамастан 20 жастағы жігіттің бұл табысын «кездейсоқтық» деп есептеген бапкерлер оны құрамаға алмады. Соған өкпелеген Жақсылық грек-рим күресі үйірмесіне ауысты. Күрестің бұл түрінде кейіпкеріміздің толағай табыстарға қол жеткізгені барша жұртқа мәлім.
Жақсылық Үшкемпіровтың спорттық ғұмырындағы ең зор табысы – Мәскеу Олимпиадасының алтын медалі. Сол жарыста қандасымыз румыниялық Константин Александру, польшалық Роман Керпач, мажарстандық Френц Шереш және болгариялық Павел Христовты ұтып, «мәңгі тозбас атаққа» қол жеткізді. Сонымен қатар. Жақаң бірнеше рет КСРО чемпионатында топ жарып, Еуропа біріншілігінің күміс медалін иеленді. 1981 жылы Ослода өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанғаннан кейін даңқты балуан боз кілеммен қош айтысты.