Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан гуманитарлық көмек ұйымдастыру шарасына кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар үлес қосып, екі күннің ішінде 15 тоннаға жуық азық-түлік, кимі-кешек пен гигиеналық заттар жиналған.
Облыс орталығындағы «Тағзым» алаңынан жолға шыққан гуманитарлық көмекті сырбойылық 15 ерікті бастап барады.
- Мақтарал жұртының басына түскен қиындық барлық елге ортақ. Біз осы сапарымызда ондағы ағайынның жайын біліп, қолдау көрсетіп, алдағы уақытта қандай жәрдем қажеттігін біліп қайтамыз, – дейді көмек керуенін ұйымдастырушылардың бірі, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.
Мұндай гуманитарлық көмектер облыс орталығымен қатар аудандарда да ұйымдастырылып жатыр. Осы керуенге Сырдария ауданы еріктілерінің көмегі келіп қосылса, Жаңақорған ауданының волонтерлері жинаған жәрдем тиелген көліктер де жолға шыққан.
Волонтерлардың облыстық штабы жетекшісі Ольга Чебакованың айтуынша көрші өңірге көмек керуені алда да ұйымдастырылады.