Руханият • 06 Мамыр, 2020

Сәбит Мұқанов және қазақ руханияты

1380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқановтың туғанына 120 жыл. Осы орайда Ұлттық академиялық кітапхана мен Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бірлесіп «Сәбит Мұқанов және қазақ руханияты» атты республикалық ғылыми онлайн конференция өткізді.

Сәбит Мұқанов және қазақ руханияты

Онлайн конференция отырысына филология ғылымдарының докторлары Серік Негимов,  абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Құлбек Ергөбек, Күлаш Ахмет, «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас директоры Жарасбай Сүлейменов, Жандос Смағұлов, Рахымжан Тұрысбек,  Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры,  ақын Әділғазы Қайырбеков, Сағынбай Жұмағұлов сынды бірқатар зиялы қауым өкілі қатысты.

Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жиынға модераторлық етіп, Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жазушыдан қалған рухани мол мұраны оқырман талқысына ұсынудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ, жазушының қазақ руханиятындағы, әдебиетіндегі жарқын ізі бар екендігін,  қаламгер есімі әрдайым құрметпен аталатындығын атап өтті. «Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойына орай Мұқановтың іргелес інісі, қаламдас бауыры болған әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев «Egemen Qazaqstan» газетіне «Қазақ әдебиетінің Атымтай Жомарты» атты мақала жариялаған болатын. Содан бері аттай 20 жыл өткен екен. Бүгінгі Сәбит Мұқановтың 120 жылдығына арналған конференцияда зиялы қауым өкілдерімен жақсы әңгіме өткізсек деп отырмыз», деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Конференция барысында сөз алған ғалымдар мен зерттеушілер жазушының қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны мен оның зерттеулеріндегі Абай, Шәкәрім мұрасы және шығармашылық зертханасына қатысты мәселелерді көтеріп, тарихи шындыққа бай, дәуір тынысы кең қамтылған шығармалары мен саяси-әлеуметтік, қоғамдық істердегі орны туралы жан-жақты талқылады.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып қазақ әдебиетінде Сәбит Мұқанов шығармашылығының айрықша мәні бар екенін әңгімелей келіп, сөз өнерінің қай саласын зерттеген ғалымның Сәбеңнің шығармашылығына соқпауы мүмкін еместігін, артында қалдырған мол мұрасының салмағы орасан екенін жеткізді. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры,  филология ғылымдарының докторы Серік Негимов Сәбит Мұқанов шығармашылық жолының әр кезеңінде халқымыздың өмірі мен күресін шынайы бейнелейтін кесек шығармалар жазып, ұлттық әдебиетімізді өркендете жолында белсенді еңбек етіп еткенін, дәл осы себепті туған халқының сүйіспеншілігі мен лайықты құрметіне бөленгенін жеткізді.

– Мың сырлы Сәбит Мұқанов ғасырдың перзенті, ғасыр суреткері. Мұхтар Әуезовтің Абай Құнанбаев атты монографиялық зерттеуінде «Абайдың өмірін, дәуірін зерттеп жүріп, кейде кемшілікті қате пікір айтқан болса да, негізінде Абайды тану ғылымында елеулі еңбек еткен адамдар: Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев сияқты тағы бір талай әдебиет тарихшылары мен жазушылар» деп атап өткен. Сәбит 1930 жылы Мәскеуде Абайдың «Қор болдым, жаным» әнін А.В. Затаевичке жаздыртады. 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына орай шыққан академиялық басылымда ең салмақты сөзді Сәбең жазады. 1944 жылдары Абай туралы толымды монографиялық еңбек жазды. Осы еңбекте Сәбең Абайдың қазақтың жазба әдебиеті тарихындағы орнын, қазақтың әдеби тілін дамытудағы тарихи орнын, ақынның поэзияға қосқан жаңалықтарын, көркемдігін айтып өтеді», деп жазушының Абай мұралары жөнінде көптеген еңбектер жазып, әдебиет зерттеу мәселесінде теориялық жағынан тың пікірлер ұсынғанын айтты. Бұдан бөлек жиында сөз алған филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет қазақ әдебиетіне жаңаша сипат дарыта білген Сәбит Мұқановтың әдебиет әлеміндегі қаржылы еңбегі мен қазақ қаламгерлерінің әдебиет жолындағы бастапқы шығармашылық қадамдарына қолдау көрсеткен адами жанашырлығы турасында ой бөлісіп, байыпты пікірлерін ортаға салды.

– Сәбит Мұқанов – қазақ халқының өзі. Мұқановтың әдеби мұрасы мың ғасырлық шежіре тарихы деуге болады. Одан бас тартар болсақ қазақ халқы өз руханиятынан бар тартқан болар еді. Солақай саясат кезеңінде қызмет ете жүріп, совет саясатын қазақ руханиятын дамытуға бағыттаған жазушының еңбегі ересен, – деп бағалаған филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек қаламгер мұрасы туралы үстірт пікір айтушылардың бар екенін, ғылым мен әдебиеттің дәлел мен дәйекке сүйенгенде ғана өрге жылжитынын алға тартты.