Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Қасым мен Жомарт

1087 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген егіз ұл – Қасым мен Жомарт Орынтай бүгінде Орал қаласында Отан алдындағы парызын атқарып жүр.

Қасым мен Жомарт

– Ағайынды сарбаздар 5517 әскери бөлімде байланыс торабына кезекші радиотелеграфист міндетін атқаруда. Жомарт жауынгерлік қызметке таңда түссе, Қасым түнгі ауысымды алмастырады. Жауынгерлер лейтенант Абай Қожамұрат пен ефрейтор Эльдар Самиғолла үйреткен әрбір тәлімді жадында сақтап, іс жүзіне қолданып жүр, – дейді осы әскери бөлім­нің қызметкері, майор Жамал Мұқышева. Қасым мен Жомарт жауынгерлік кезек­шілікте әр­дайым қырағылық танытып, әскери міндетін жауап­керші­лікпен атқарғаны үшін бір­неше рет марапатқа да ие болыпты.

Көп балалы отбасында дү­ниеге келген қос сарбаз әскер қа­та­рына Алматы облысынан 2019 жыл­дың жаз айында шақы­рыл­ған. Орынтай әулетінің кен­жесі жауынгерлік дайындық норма­тивтерін әрдайым ең үздік бағаға орындайды екен.

– Әскерге келгеніме қуана­мын. Бұл жерде үйдегідей ер­кін­дік болмаса да, әрбір ісіңе жауап­кершілікпен қарауды үй­ренесің. Жалпы, әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әр­бір жас жігітке шыңдалу үшін қа­жет. Отан алдындағы әскери бо­ры­­шымды аман-есен атқа­рып, елге оралған соң полиция қата­рын­да қызмет еткім келеді, – дейді Қасым.

– Жас күнімнен спортты серік еттім. Сондықтан болар, әскер қатарындағы жаттығулар мен үшін аса қиындық туғызған жоқ, – дейді жас күнінен футболшы ретінде талай жарысқа қатысып, жүлдегер болған Жомарт. Ол әскерден кейін де спорттық мансабын жалғастырмақ.

Ерекше есімді иеленген егіз сарбаз бүкіл Қазақстан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, әскери міндетін абыроймен атқаруға уәде беріп отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы