Руханият • 07 Мамыр, 2020

Әлеуметтік жағдайымыз да әлеуетті

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғанысы мықты мемлекеттің тәуелсіздігі де баянды бол­­мақ. Әскери қызметте жү­ріп осыған көзім жетті. Бағзы бабаларымыз найза­ның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған атамекенді қорғау парызы енді бүгінгі ұрпақтың үлесінде тұр.

Әлеуметтік жағдайымыз да әлеуетті

Менің әскери өмірге қада­мым осыдан тұп-тура сегіз жыл бұ­рын басталды. 2012 жы­­лы Ал­ма­­ты­дағы Құрлық әс­кер­­лері­­нің әскери институты­на қа­был­­данып, команда-так­ти­ка­лық танк әскерлері маман­дығы бо­йын­­ша білім алдым. Төрт жыл­­д­ан соң 2016 жылы аталған инс­­­­ти­тут­ты алтын медальмен тә­­­мам­­дап, Елбасы – Тұңғыш Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назар­баев­­тың қолынан лейтенант ата­­ғын алдым. Сол жылы взвод ко­ман­­дирі ретінде Десанттық-шаб­­уыл­­дау­шы әскерлерінің қол­бас­­­шы­­лы­ғына қарасты 12740 әс­кери бө­ліміне келдім. Осы әске­ри бөлім­де күні бүгінге дейін қыз­мет етіп келемін. Бүгінде ша­б­уыл­даушы танк ротасының командирімін.

Мемлекет тарапынан әс­кери қызметшілерге қомақ­ты қолдау көрсетіліп, сарбаз­дардың тұрмыс-әлеуеті де жақсарып  келеді. Оған – өзім де куәмін. Мәселен, 2017 жылы Қорғаныс министрінің қолынан Сарыөзекте жаңадан соғылған тұрғын үйден екі бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Отбасын құрып, бала өсіріп отырмыз.

Қазақстан әскерінің қазіргі қауқарын біздің әскери бөлім­нің жетістіктеріне қарап-ақ бағамдауға болады. Айта­йын, шабуылдаушы танк батальо­нының командирі, майор Жанат Қуанышев 2013 жылы Мәскеуде өткен танк биатлонында жүл­делі 2-орыннан көрінді. 2018 жылы Қазақстанның Құрлық әскерлері арасында өткізілген «Мер­гендер батальоны» сайы­сында біздің батальон 3-орын­ды иеленді. 2015 жылы және 2019 жылы батальонымыз «Айбалта» жауынгерлік оқу-жат­тығуларында үздік көрсет­кішке қол жеткізді. Өткен жылы шабуылдаушы танк ротасының сержанты Азат Шойынбаев Мәскеуде өткен танк биатлонында 2-орынды жеңіп алып қана қоймай, «Әлемнің үздік көздеу­шісі» атағын иеленіп, Қазақ­­станға оралған соң ІІ дәре­желі «Ел қорғаны» медалімен мара­пат­­талды. Мен де осы тектес сайыс­тарға бірнеше рет қаты­сып, көзге түстім. Мәселен, 2018 жылы Десанттық-шабуыл­дау­шы әскерлерінің роталары ара­сында «Танк ротасы­ның үздік ко­мандирі» марапатын иелендім.

Бұл жетістіктер бір ғана әскери бөлімнің, батальонның ғана емес, бүтін бір Қазақстан әс­ке­рінің жетістігі ретінде бағала­н­ды деп білемін. Ел әскері­нің күн санап артып келе жат­қан әлеуеті алдағы уақытта бұдан зор асулардан асатынына сенімдімін.

 

Серік АЙТБЕКОВ,

Десанттық-шабуылдаушы әскерлері қолбасшылығына қарасты 12740 әскери бөлімінің шабуылдаушы танк ротасының командирі