Қоғам • 07 Мамыр, 2020

Атауы қазақша нан неге жоқ?..

1345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзге елдерде нан даярлаудың өзіндік түрлі ұлттық дәстүрі, рецепті, атаулары болатыны белгілі. Сол сияқты өз еліміздегі нан түрлеріне де қазақша атау­лар керек-ақ.

Атауы қазақша нан неге жоқ?..

Қазақтар да нан пісірген. Атаулары да әртүрлі. Бөл­ке, күлше, тоқаш, қалаш, бәтер, таба нан, көмеш нан, қоламта нан болып кете береді.

Қазір біздің өңірдегі дүкендерге, супермаркеттерге барсаңыз да нанның неше түрі толып тұр. Таңдау сізде. Бірақ қазақша аталатын нан жоқ.

Ал енді атауларына қарасаңыз: Бородинский черный хлеб, руский хлеб, Семиречинский, Пахо­мов­ский, Ир­тышанка, Гру­зинский, Ярославская, Ново­украинская, багета, фигурная, саячный, железнодорожный, южный, на сыворотке, столичный, президент­ский, батон, хала, лепешка, азербайжандық лаваш, ромашка, ру­летка, домашний, белый хлеб, тройка, пекарский, сайка, мраморный және басқа тілдегі атауы бар.

Дәл бір Ресейде жүр­гендейсің. Енді татарский нан деген пайда болыпты.

– Бұл нанның екінші аты – казанский, татарлардың рецептімен жасалған өте дәмді. Ал казахша названиемен әзірге нан жоқ, – дейді сатушы күліп.

Аппақ ұнды қаппен арқалап Қазаннан, Боро­дино, Ярославль, Грузиядан тасып әкелетіндей сөйлейді.

Мысалы, архив беттерінде Семиречинский нан атауы казактардың кезінен қалғаны жазылады. Па­хомовский наны 1918 жылы Павлодар уездік совде­пінің басшысы болған Н.Пахомовтың атымен атал­ғаны ма сонда? Наубайхана да осы көше бойында орналасқан.

Өзге тілдегі көше, ауыл, қала атауларын елдік мақ­­сат-мүддеге сай жаңғыртудамыз. Нан атаулары да сондай құрметке лайық. Өсіп келе жатқан өрендеріміз қазақ тіліндегі нан атауларын біліп өссін.

Жергілікті әкімдік, тіл басқармасы наубай­хана­лардан шығатын түрлі нандарға ырыс, береке, дар­хан, дастарқан, ақ бидай, алтын дән, керемет, кәдімгідей қара нан, ақ нан, дәмді нан деген секілді атауларға сай ұсыныс енгізгендері жөн болар еді.

Павлодар облысы