Әлем • 07 Мамыр, 2020

Құлдан шыққан ғұлама

1208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ислам әлемінде ғылым-білім жолында бар ғұмырын арнаған ғұламалар көп. Соның бірі – Ата ибн Рабах. Бұл адам Меккеде бір әйелдің иелігінде құл болатын. Өзі құлақкесті құл болса тұра пайдасыз істен аулақ болу үшін күнделікті тірлігін үшке бөледі. Бір бөлігін иесіне арнады, оның тапсырған ісін орындады. Екінші бөлігін Аллаға құлшылық етуге, үшінші бөлігін ілім үйренуге жұмсады.

Құлдан шыққан ғұлама

Меккелік әйел құлының ілімге деген ынтасына қызығып, «сен бұдан былай ілім үйреніп ислам жолында қызмет қыл!» деп құлдықтан босатып жібереді.

Осы күннен бастап Ата уақытын пайдасыз өткізуден сақтанды. Әрі ол пайдасыз сөз айтуды қатты жек көрді. Ол үнемі «Адамды Алла Тағалаға жақындатпайтын істің бәрі бос әурешілік және ауыздан шыққан әрбір сөз жазулы, демек қияметте осы жазба ашылғанда, осы сөздер үшін Алланың құзырында ұялғаннан жаман нәрсе жоқ» дейді екен.

Сол кездегі халифа Омар ибн Хаттаб қажылық келгенде оның алдына мұсылмандар барып пәтуа сұрайды. Сонда Омар: «Сендердің іргелеріңде Ата тұрғанда менің пәтуа айтқаным жарамас» деп бас тартқан екен.

Тағы бірде аса білімдар адам қажылық үшін Меккеге келеді. Барлық парыздарын өтеп болып, соңғы үкім шашын алдыруға отырады.  Шаштараз:

-Құбылаға қарап отырыңыз?-дейді. Ғалым ұялып үндемей құбылаға бұрылады. Содан кейін басының сол жақ бөлігін ыңғайлап ұсынады, шаштараз болса: «Басыңыздың оң жағын ыңғайлаңыз?» дейді. Шаштараз ғалымның шашын алуға кіріседі. Ғалым үнсіз отырады. Шаштараз айтады: «Неге үнсіз отырсыз, тәкбір айтып отырыңыз?». Ғалым ұялғаннан тәкбір айта бастайды. Шашын алдырып болып кетпекке ыңғайланады. Шаштараз: «Алдымен екі ракағат намаз оқыңыз да, қалаған жағыңызға кете беріңіз!» дейді.

Үлкен ғалым қарапайым шаштараздың мына ісіне қатты таңданады. Мұндай әдептерді білмегеніне өкінеді. Ақыры шаштараздан сұрайды.

-Бауырым, сіз мұндай жақсы әдептерді қандай үйрендіңіз?

-Ұстазымыз Ата ибн Рабах осылай жасайды.

Тақуалығымен аты шыққан Ата ибн Рабах байлық иеленуге мүмкіндігі бола тұра, үстіне 5 дерхам тұратын жалғыз көйлек киіп өмірден өткен. Ірі байлар бұл адамды өзіне жақын тартып, бірге жүруге аса ынталы болған. Бірақ Ата қашып жоламаған. Бұлардың ұсынысын қабылдасам олар маған дүние-мал береді, ол менің дініме зиян дейді екен.

Хорасандық атақты ғалым Оспан әл-Хорасанидың естелігінде былай делінеді:

-Менің бала кезім еді. Әкем екеуміз Дамаскіге сапарлап келе жатып, жолай қара есек мінген жұпыны сұрықсыз адамға жолықтық. Мен оның түріне қарап күле бастадым. Әкей, «балам күлме, бұл күллі Хижазға әйгілі атақты ғұлама Ата ибн Рабах» деді. Екеуі құшақтасып амандасты. Патша сарайының сыртына келіп үшеуміз жайғасып отырдық.

Үлкен ғалымның келгені жайлы патшаға хабар жетіп, бізді сарайға алып кірді. Патша ғалымнан «нендей бұйымтайыңыз бар?» деп сұрады. Ғалым үш өтінішін айтып болып соңында: «Уа, патша сіз мынаны ескергейсіз, қазір сіз мына қаптаған уәзірлердің алқауына отырсыз, барлығы қолпаштауда, бірақ қияметте бұлардан қайыр болмайды, тек жалғыз өзіңіз жауап бересіз. Осыны ұмыт па!». Бұл сөзді естіген патша еңкілдеп жылапты.

Жақсы ісімен күллі жамағатқа үлгі болған Ата ибн Рабах ұзақ өмір сүріп, 100 жасқа жетіп, осы баянды ғұмырында 70 дүркін қажылық жасап, өмірден өткен екен.