Қазақстан • 07 Мамыр, 2020

Нұр-Сұлтан әкімдігі Мақтаарал ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберді

18 реткөрсетілді

Нұр-Сұлтан әкімдігі Түркістан облысына гуманитарлық көмекпен жүк машиналарын жіберді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.


Мақтаарал ауданының тұрғындары үшін 40 тонна тауар жиналды. Оның ішінде 20 тонна бірінші қажеттіліктегі азық-түлік: ұн, күнбағыс майы, қант, күріш, макарон, сондай-ақ гигиена құралдары: ұнтақтар, сабын, шампунь.

«Сонымен қатар, біз Мақтаарал ауданына секундына 300 литр су соратын арнайы сорғы станциясын жібереміз. Құрылғы бір сағатта 1300 текше метр су тартады. Бұл қалалық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен жұмыс», – деді қала әкімдігінің өкілі Нұрлан Сыдықов.

Көмек қатарында құрылысқа қажетті құрал-саймандар, барлық төсек жабдықтары бар жүзден астам кереует, ыдыс-аяқ, суды соруға арналған жеті сорғы бар.

«Біз бұл көмек Елордадан Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдайды еңсеруге көмектесетініне сенімдіміз», – деді Н.Сыдықов.

Бұған дейін хабарланғандай, Nur Otan партиясының орталық аппараты елордадан Түркістан облысына 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек, оның ішінде азық-түлік және жеке гигиена өнімдерін жіберген болатын.

Сонымен қатар жүзден астам елордалық ерікті су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысына көмек көрсетуге аттанды.

7

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар