Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Үш ауыл толықтай жаңадан соғылатын қалашыққа көшіріледі

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су астында қалған ауылдардың халқымен кездесіп, оларға мемлекеттік комиссия шешімін жеткізді. Уақытша ашылған орталықтарда азаматтардың тұрмыстық жағдайларымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдады. 

Өмірзақ Шөкеев: Үш ауыл толықтай жаңадан соғылатын қалашыққа көшіріледі

Сарыағаш ауданының әкімдігіне бекітілген Игілік ауылындағы орта мектептегі эвакуациялық бекетте Жаңатұрмыс ауылының 200-ден астам тұрғыны орналасқан. Барлық эвакуациялық орталықтар азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттармен, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Медицина және полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет етеді. «Су астында қалған ауылдың әрбір тұрғыны 100 мың теңгеден көмек алады. Мырзакент елді мекенінде жаңа ықшам аудан соғылады. Ол жерге Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Жаңа қалашықта орталықтандырылған ауызсу және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Жаңа мектеп, балабақша, яғни, әлеуметтік нысандар салынады. Ең бастысы ауызбіршілігіміз  ажырамай, бар қиындықты ел болып еңсеруіміз қажет», деді ауыл тұрғындарымен кездесуде Өмірзақ Шөкеев. 

1

Келес ауданына бекітілген Фирдоуси ауылының 530 тұрғыны орта мектепте уақытша мекендеуде. Судан зардап шеккен Өргебас және Фирдоуси халқына таңдау берілді. Облыс әкімімен кездесуде екі ауыл тұрғындарының өзге елді мекеннен бой көтеретін жаңа ықшамауданға көше алатыны айтылды. Мемлекет тарапынан үйлер қалпына келтіріледі, егер әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төленеді. Тұрғындар шешімді шұғыл түрде өзара ауыларалық жиналыста шешетін болды. Бұдан бөлек, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылысқа шақырылды. Құрылыс жұмысына қатысушы азаматтарға жалақы төленеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығыны да өтеледі. Несие төлеу уақыты кейінге шегеріледі. Ал, жоғалған малдың шығыны төтенше жағдай бойынша штаб жанынан құрылған комиссия шешімі негізінде өтелмек.

5

Сондай-ақ облыс әкімі №5 мектеп-гимназиясына жайғастырылған Жеңіс елді мекені мен су басу қауіпі жоғары Нұрлыжол ауылының халқымен кездесті. Орталыққа жауапкершілік Шардара ауданының әкімдігіне бекітілген. Мақтаарал ауданының аумағындағы 11 эвакуациялау орталықта 2404 адам орналастырылған.  Ал төтенше жағдайға қатысты ашылған арнайы қоймада 232 тоннадан астам азық-түлік қоры жиналған. Ет, ұн, күріш, май және киім-кешек пен күнделікті қолданысқа қажетті заттар эвакуациялық орталықтардағы тұрғындарға күнделікті таратылуда. Сын сағатында қол ұшын созған өңірдің барлық аудандары мен өзге облыстардан гуманитарлық көмектер жеткізілуде. Бақылау Nur Otan партиясы облыстық филиалы басшылығына жүктелген. 

2

 

Түркістан облысы