Әскери бөлім басшысының қару-жарақ жөніндегі орынбасары, подполковник Рахматулла Тасполаев бастап келген 112 сарбаз су астында қалған елді мекендерді тазалау және халыққа көмек беру жұмыстарын жүргізуде.
Жол талғамайтын 20 КаМАЗ техникасын ала келген әскери бөлім қызметкерлері ветеринарлық қызмет және әкімдік өкілдерімен бірге су басқан елді мекендер ішіне кіріп, аман қалған жан-жануарларды, заттарды халыққа жеткізуде. Әскерилер адам аяғы бара алмайтын жерлерге кедергісіз жетіп, табылған мал өлекселерін құрғақ жерге тасуда. Елді мекендерге топ-топпен бөлінген сарбаздар 6 күн бойы байлаулы тұрған бұзауды су құрсауынан аман алып шығып, ветеринар мамандарға табыстады. Бұдан бөлек, мамандар Атакент ауылындағы көмек қолын қажет еткен қоймаларға барып жүк түсіруге де жәрдем беруде.
Сондай-ақ әскерилер күні кеше Өргебас ауылында 10 жүк көлігіне тиелген құмды қапқа салып, ұзындығы 1,5 шақырым болатын дамба тұрғызды.