Түркістандағы құрылыс және жол жөндеу жұмыстарын тексерген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланы дамыту, көркейту аясында салынып жатқан нысандардың маңызды екенін айтып, жұмысшылар санын көбейтуді жауапты мамандарға тапсырды. Қаланың басты көшелерінің бірі Б. Саттарханов даңғылының екі шетінде ұзыннан салынып жатқан желілік саябақ - субұрқақтар, ерекше дизайнды ландшафтар және ирригациялық арықшаларымен ерекшеленбек. Сонымен қатар, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін 100-ге тарта көшенің 26-на тасжол салынса, 22-де жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы 48 көшеде жолдың іргесін нығыздау, кәріз жүйесі құдықшаларының деңгейін көтеру сынды жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ облыс әкімі Б. Саттарханов даңғылы және даңғылдың ішкі жолы, Жібек жолы, Оразгелді датқа, Бөген, Сапарбай болыс, Келіншектау, Шойынбет би, Сырым батыр, Ақан сері, Майлықожа, Жүйнеки көшелерін аралып, онда атқарылып жатқан істерді пысықтады. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.