Спорт • 08 Мамыр, 2020

36 жыл бұрын КСРО Олимпиадаға қатысудан бас тартқан еді

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 36 жыл бұрын, яғни 1984 жылдың 8 мамырында КСРО өз спортшыларын АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін XXIII жазғы Олимпия ойындарына жіберуден ресми түрде бас тартқан еді.

36 жыл бұрын КСРО Олимпиадаға қатысудан бас тартқан еді

1980 жылы АҚШ бастаған бірқатар капиталистік мемлекет Мәскеу Олимпиадасына бойкот жариялаған болатын. Соған жауап ретінде КСРО-ның Олимпиадалық комитеті Лос-Анджелестегі жарысқа қатыспау жөнінде шешім қабылдады. Мәскеу тарапынан қабылданған бұл шешімді Албания, Ангола, Афганистан, Болгария, Вьетнам, ГДР, Йемен, Куба, Лаос, Мажарстан, Моңғолия, Польша, Солтүстік Корея, Чехословакия, Эфиопия, Жоғарғы Вольта, Иран және Ливия қолдады.

Олимпия ойындарының өзіне келетін болсақ, 1984 жылдың 28 шілдесінде басталған дүбірлі дода 12 тамыз күні өз мәресіне жетті. Оған 140 мемлекеттен келген 6829 спортшы қатысты. Олар 23 спорт түрі бойынша бақ сынап, 221 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Жалпы командалық есепте АҚШ құрамасы жеке-дара көш бастады. Жарыс қожайындары 83 алтын, 61 күміс және 30 қоланы олжалады. Екінші және үшінші орындарға Румыния (20+16+17) мен ГФР (17+19+23) табан тіреді.