«Ресей кәсіпкері Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының эвакуацияланған 30420 тұрғыны үшін «Түркістан» Әлеуметтік Даму Корпоративтік қорына 5 млн 202 мың АҚШ долларын аударды. Бұл қаражат эвакуацияланған 5202 отбасының жеке шоттарына түсетін болады. Сондай-ақ қорға отандық кәсіпкерлер мен азаматтардан 160 млн теңгеге жуық қаржы түсті. Жиналған қаржы зардап шеккен отбасыларға бағытталады. Гуманитарлық көмек ретінде штаб қоймасына 270 тонна азық-түлік түсті, оның бүгінде 90 тоннасы елге таратылды», деді С. Қалқаманов. Брифингке қатысқан Өзбекстан Республикасының ТЖМ бірінші орынбасары Абдулла Құлдашев техногендік апат аймағында жергілікті әкімшілік пен ТЖД қызметкерлері жүйелі жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.
«Су басқан аймаққа 300-ден астам қызметкер, 186 техникамыз жұмылдырылған. Жергілікті әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынаста тәулік бойы осымен 3 күн жұмыс істеудеміз. Қазіргі міндетіміз - коллекторларды тазарту, су тасыған жерлерді қалпына келтіру. 50-ден астам су тарту насосы күндіз-түні жұмыс істеп тұрғандықтан, кеше 34 мың куб су сыртқа шығарылды. Нәтижесінде Фирдоуси ауылында су деңгейі айтарлықтай төмендеді. Біз аймақтағы төтенше жағдай аяқталғанша осында боламыз», деді Абдулла Хамидоллаұлы. Ал Түркістан облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов апат аймағына еліміздің Қорғаныс саласынан 1000-нан астам маманның жұмылдырылғанын жеткізді. Қазіргі таңда ауылдарда судың деңгейі төмендеуде.