Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

«Egemen Qazaqstan» мақтааралдық ардагерді құттықтады

329 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жеңіс күні – аға буынның ерлiгi мен отансүйгiштiгi алдында бас иiп, тағзым ететiн аса қастерлi күн. Соғыс жылдары қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан майданға аттанған 150 мыңға жуық адамның жартысынан астамы елi мен жерi үшiн, қасиеттi Отаны үшiн жанқиярлық танытып, ерлiкпен қаза тапты. Аман оралған мыңдаған жауынгер орден-медальдармен марапатталды. Еліміздің болашағына еңбек етті. Өкінішке қарай, олардың көбi қазiр арамызда жоқ.

«Egemen Qazaqstan» мақтааралдық ардагерді құттықтады

Жеңісті жақындатқан ардагерлердің саны жыл өткен сайын селдіреп келеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 40 Ұлы Отан соғысының ардагері, 8 мыңға жуық  тыл ардагері тұрады. Бүгінгі ұрпақ Отан үшiн, келешек ұрпақ үшiн қасық қанын аямаған аталарымыз бен әжелерiмiздiң, әкелерiмiз бен аналарымыздың асқақ рухына бас иіп, тағзым етеді. Осы орайда Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы, «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай бастаған журналистер тобы Мақтаарал ауданы Мырзакент елді мекенінде тұратын соғыс ардагері Сайтмурат Кузжановтың үйіне арнайы барып қайтты. Журналистер соғыс ардагеріне «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің және Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат тапсырды.  Бүгінде 96 жасқа келген Сайтмурат Кузжанов ақсақал майданға 18 жасында 1944 жылы аттаныпты. Семей қаласындағы 309 атқыштар полкында дайындықтан өткен жауынгер ІІ Украина майданында жауға қарсы соғысқан. Венгрияны азат етуге қатысқан. Ерлігі еленіп «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығында еңбек етіп, 1986 жылдың ақпан айында зейнеткерлікке шығыпты. Бес ұл-қыз өсіріп, 15 немере, 10 шөбере, 2 шөпшек сүйген ақсақал заманның тыныштығын, елдің амандығын қалайды. Бүгінде мемлекет тарапынан жасалынып жатқан мүмкіндіктер мен қамқорлықтың арқасында ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарының болашағы жарқын болатынына сенімді. Сондай-ақ Сайтмурат ақсақал кешегі су басқан ауылдардың жағдайына алаңдаулы екенін де айтты.

Иә, Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдардағы ахуал бүгінде ел назарында. Мемлекет тарапынан, еліміздің барлық өңірінен, бизнесмендер мен жомарт жүректі азаматтардан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы орайда ауданнан шынайы ақпарат таратып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де игі істен тыс қалмады. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы бастамашы болып журналистер су басқан елді мекен тұрғындарына 600 мың теңгеге жуық қаржы көлемінде көмек көрсетті. Мақтаарал ауданында жағдайға толық қаныққан республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Жаңа тұрмыс ауылының тұрғындары орналасқан Т.Әубәкіров атындағы мектепте болды. Бұл эвакуациялық орында 300-дей тұрғынға барлық жағдай жасалынған. Журналистер тұрғындармен әңгімелесіп, ахуалын білді, арнайы алып келген қой құрбандыққа шалынып ақсақалдар ақ батасын берді. Ал Қ.Сәтпаев атындағы мектепте қашықтан оқып, білімін жалғастырып жатқан оқушыларға журналистер заманауи теледидар тарту етті. Сондай-ақ жергілікті жердегі әріптестердің жағдайы да назардан тыс қалмады. Өкінішке қарай, Мақтаарал аудан әкімінің баспасөз хатшысы Дінмұхаммед Аязбековтің Өргебас ауылындағы үйі суда қалған болатын. Осындай қиын сәтте журналистер Дінмұхаммедке қаржылай әріптестік көмек көрсетті.

9

Сондай-ақ журналистер тобы аудандағы су басқан ауылдарда болып, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Төтенше жағдай штабының өкілдерінен толыққанды мағлұматтар алды.

98