«12 наурызда індет жұқтырудың алғашқы оқиғалары анықталған кезде, біз шұғыл карантиндік шараларды қабылдадық. Егер де 16 наурызда карантин жарияланбағанда, 8 тәуліктен кейін 4,5 мың науқас тіркелер еді. Бұл көрсеткішке тек екі айдан кейін ғана жетті. Мемлекет басшысы жариялаған карантин мен төтенше жағдай өте маңызды рөл атқарды, біз індеттің таралуына тосқауыл қоя алдық және медициналық ұйымдарға жүктемені азайттық», - деді Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, елімізде індет жұқтыру өсімінің қарқыны алғашқы күндері тәулігіне 50-60 пайызға дейін көтерілген. Қазір бұл көрсеткіш 3-5 пайыз деңгейінде.
«Әрине, адамдар жарияланған көрсеткіштерге қарап үрейленуде. Бүгінде тек үш мың адам медициналық ұйымдарға жатқызылған. Яғни 1,5 мың адам емделіп, үйлеріне оралды», - деді Елжан Біртанов.