Дегенмен, солай екен деп, кешегі ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен қырғын соғыста адамзат баласын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып қалуға қасық қаны қалғанша үлес қосқан ерлердің ерлік ісін неге айтпасқа?!
Бүгінгі әңгіме Екінші дүниежүзілік соғыста әйгілі Броз Титомен партизан отрядында бірге соғысып, онымен қандыкөйлек жолдас болған Тілеубай Шүкейұлы туралы болмақ. Марқұм өмір бойы Қарағанды облысындағы Киікті ауылында тұрды. Елдің бәрі «Партизан» деп атап кеткен бұл кісі туралы аңызға бергісіз небір әңгімелерді бала кезден естіп өстік. Солардың көбін шындыққа келеді деп сеніммен айтуға болады. Неге десеңіз, кеңес заманында Тілекеңді еліміздегі қарулас достары ғана емес, Югославиядан Броз Титоның өзі де іздеп, еліне талай мәрте шақырған. Елеусіздің бірі болса, заманында білдей бір мемлекеттің дүрілдеп тұрған басшысы айдаладағы Азияның бір түкпіріндегі қарапайым қазақты іздер ме еді?!
* * *
Тілеубай Шүкейұлы 1921 жылдың қаңтарында Қарағанды облысындағы Тасарал ауылында балықшының отбасында дүниеге келіпті. Әскерге 1940 жылы шақырылған. Соғыс кезінде әскери антты 1942 жылдың 12 ақпанында қабылдапты да, сол жылдың мамырына дейін №66 атты әскер полкінің құрамында «Сабельный» бөлімшесінің командирі болып майдан даласындағы кескілескен ұрыстарға қатысқан.
Тілеубай Шүкейұлы немістің тұтқынында бір емес, екі рет болған адам. Әскери билетін қарап отырсақ, алғашқы рет жау қолына 1942 жылдың мамыр айында жараланып түскен екен. Гестапо жендеттерінен ит қорлықты көре жүріп, ыңғайы келген бір сәтте тұтқыннан қашып шыққан мұны бір кемпірдің жертөлесінде бой тасалап жатқан жерінен немістер тағы да ұстап әкетіпті. Қабаған иттеріне талатып, көрмеген қорлықты керсеткен. «Денемнің сау тамтығы қалмады. Әкелді де жан-жағы қаптаған ине, тік тұрған адам ғана сыятын темір құрсаудың ішіне қамады. Үш күн, үш түн тікемнен тік тұрдым, сәл қисайсам болды, денеме ине кіреді. Тұла бойым күп боп ісіп кетті...», деп өткен күннің әңгімесін айтушы еді жарықтық.
Тумысынан еті тірі, әр нәрсеге епті болған Тілекең тұтқында жүріп те немістің тілін тауыпты. Басқа түскен тағдырға көніп, мойынсұнған бола жүріп, немістің сеніміне кірген. Содан, 1943 жылдың қарашасы болса керек, сырттан, Югославияның партизан қыздарынан: «Екі күннің ішінде қашып шықпасаңдар, сендерді атады», деген суыт хабар жетеді. Бұлардың арасында сөздерін немістерге жеткізіп отыратын бір жансыз бар екен, алдымен соның көзін құрту керек болады. Бұл істі Шүкей баласы Тілеубай тап-тұйнақтай етіп орындапты...
Тегі, концлагерьде де, партизан отрядында да бұл кісі ерекше есепте болған екен. Екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін әлгіндей істерді дымын білдірмей орындау, ерекше маңызды һәм құпия да жауапты тапсырмалар тек қана осы кісіге жүктеліп отырған көрінеді. Бұған оның взвод командирі Бейсен Райысовтың жазып кеткен естелігі куә.
Сырттан астыртын хабар жеткен соң, бұл кезде концлагерьдің ішіндегі қоймада жұмыс істеп жүрген Тілекең күзетшілерді жер жастандырып, етігінің ұлтанының астына жасырған тістеуікпен электр көзіне қосылған тікенек сымдарды қиып, бір топ жолдасымен қашып шығады. Араларында өзінің взвод командирі Бейсен Райысов, бертінге дейін Қарағандыда тұрып келген қандыкөйлек жолдасы Оспан Шілдебаев және басқалар бар, бұлар тобымен Броз Титоның партизан отрядына келіп қосылады.
Әскери билеттегі дерекке сүйенсек, Тілекең партизан отрядында 1943 жылдың қарашасынан 1945 жылдың шілдесіне дейін болған екен. Зады, Балқан ормандарында неміс-фашист басқыншыларына бүйідей тиген партизан отрядтарының жетекшісі Броз Тито соғыстан кейін Югославия Федеративтік Социалистік Республикасының президенті болғаны тарихтан белгілі. Тілекеңнің үйінде осы Броз Титоның 1971 жылы Жеңіс мейрамымен құттықтап, өз қолымен жазған хаты – құнды құжат әлі күнге дейін сақтаулы. Содан кейінгі сақталған құнды жәдігерлер – Югославияның ең жоғары әскери наградаларының бірі «Батырлығы үшін» медалінің және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің құжаттары мен екі-үш фотосурет.
* * *
Югославия жеріндегі партизан қозғалысының Екінші дүниежүзілік соғыстағы алар орны, тарихи миссиясы Броз Титоның естеліктерінде егжей-тегжейлі жазылған. Оны қайталап жатудың қажеті де жоқ. Тек, Броз Титоның жас кезінде қазақ ортасында өскені еріксіз назар аудартады. Соған қарағанда, соғыс жылдарында ол қазақтарды бауырына тартып, оларға ықыласты көзқараста болған-ау деген ой келеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерi, белгiлi жазушы Қалмұқан Исабай «1943 жылдың көктемiнде Титоның: «Кезiнде қазақ даласын 3 жыл паналадым. Бұл ұлтты өте жақсы бiлемiн. Есепсiз ер емес. Қазақ есеппен, санамен соғысатын халық. Сержант болса да Бейсен Райысовты батальон командирi етiп тағайындаймын», дегенін өзінің кітабында жазады. Ал Югославия Азаттық армиясының 18-ші екпінді батальонының командирі болған Бейсен Райысов өзінің естелігінде мынадай жазба қалдырған: «Тілеубай Шүкеев (Жезқазғаннан) өзінің взводымен электр стансасы аумағында бекінген неміс отрядын көзді ашып-жұмғанша тас-талқан етті».
Бірде, Броз Титоның партизан отрядында жүргенде Тілеубай Шүкейұлының жасағы немістің қоршауында қалып қоя жаздап, шегіне жүріп соғысып, әрең дегенде бұзып шығыпты. Бірақ бұлар бекінген блиндажда аса құпия, баға жетпес құжаттар қалып қойған екен. «Содан, – деп әңгімесін сабақтай түсетін Тілекең марқұм, – командиріміз бәрімізді сапқа тұрғызып, әлгі құжаттарды алып келуге шетте тұрған бір партизанды жұмсады. Ол байғұс өлімге баратынын біліп, бұйрықты орындаудан бас тартты. Командиріміз қатал еді, тапаншасын алды да, әлгіні сөзге келместен тұрған жерінде атып тастады. Қазір аты-жөнін ұмыттым, саптың ортасында тұрған тағы бір партизанды саптан екі қадам шығарып, енді оған да пәрмен берді. Жан тәтті ғой, ол да бас тартқан еді, ажалын командирдің қолындағы тапаншадан тапты...».
Бір мезетте «Шукеев!» деген командирдің қатқыл дауысын естігенде, барса да өлетінін, бармаса да өлетінін жақсы білген ол саптан атып шығыпты... Бір Алла, бір аруаққа сыйынып, екі өкпесін қолына алып, блиндажға қарай құстай ұшқан. Құдайдың қаққаны ғой, жауған оқтың бірі дарымай сол ұшқан бетімен келіп блиндаждың терезесін баспен сүзе-мүзе ішке бұзып кіріпті. Құжаттың бәрін қойнына тығып, блиндаждан атып шығып, кері салған. Бәрін байқап, аңдып отырған немістер оқты қарша боратыпты. Өлдім-талдым дегенде орта жолға жетіп, оққа ұшқан адамша бірауық қыбыр етпей жатып алған. «Оқ саябырсыған бір сәтте қу жанды шүберекке түйіп, тұра сала тағы жүгірдім. Қалың ағаштың шетіне іліге бергенімде оң аяқтың балтырының тыз ете қалғаны есімде, командирімнің құшағына келіп жығылдым ғой. Ол да, мен де пора-пора болып жылап жатырмыз...», деп аяқтаушы еді марқұм кезекті бір әңгімесін...
Тағы бір әңгімесінде ол өзінің шағын отрядымен фашистердің генерал бастаған он алты офицерін қолға түсіргенін де айтқан еді...
* * *
Соғыс аяқталған соң Тілеубай Шүкейұлы Мәскеуде біраз аялдап, тіпті ол жерде жұмыс та істепті. 1947 жылы ауылына жалғыз келмей, мойнынан жараланған кезінде өзін емдеген медбике Мария Даниилованы ерте келген.
Соғыстан кейін Тілеубай Шүкейұлын Броз Титоның өзі бас болып майдандос достары Мәскеуге де, Югославияға да қонақ болып қайтуын өтініп, талай шақырыпты. Немістің тұтқынында екі рет болған баласын кеңес заманындағы неше алуан әңгіменің шет жағасын естіп, әбден зәрезап болған анасы Ақшолақ жібермепті. Өйтетін де жөні бар еді. Соғыстан кейінгі Сталин мен Тито арасында болған салқындық, одан кейін мұртты көсемнің: «Тұтқынға түскен адам жоқ, оның бәрi сатқындар», деген қатал үкiмi «үш әріптің» бақылауында үн шығармай өмір сүруге мәжбүр еткен...
Тілеубай Шүкейұлы 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Киік стансасындағы су тартқыш қондырғысына жауапты болып жұмыс істеді. Мария шешей мен Тілекеңнің кіндігінен сегіз бала тараған. Құдайға шүкір, ұлы нағашыларынікіндей көздері аспан түстес немере-шөбере, жиен-жиеншарлар қазіргі уақытта Қарағанды өңіріндегі Киікті, Мойынты топырағында өсіп-өніп жатыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Тілекеңнің үйінде соғыс кезінде түсірілген екі-үш фотосурет сақталған. Соның бірінде бір топ партизан арасында Тілеубай Шүкейұлы сол жақтан санағанда алтыншы болып тұр. Ал отырған үшеудің ортасындағы Бейсен Райысов болуы мүмкін. Өкінішке қарай, біздің кейіпкердің Броз Титомен түскен суреті жоғалып кетіпті...
Замана өзгеріп, дүниені дүр сілкіндірген кешегі қан майданның дақпырты белгілі себептермен бәсеңдегенмен, тозақтың отына түскен ерлердің даңқы мәңгі өшпесі анық. Ол даңқтың жаңғырығы аталарының екінші жаһан соғысындағы жүріп өткен жолына, қанмен жазылған тарихына құрметпен қараған кейінгі ұрпақтың жадында мейлінше ұзағырақ сақталса екен деп тілейсің.
Қарағанды облысы