Жасы жиырмадан енді асқан жігіт Дархан Жұбанышов қан майданға 1942 жылы қаңтар айында кетті. Ол сан рет қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. Әсіресе Дарханның ерлік көрсетіп, атын жайған жер – Неман өзенінің жағалауы. Шығыс Пруссияға жөңкіле қашып бара жатқан неміс фашистері Неман өзенінің арғы бетіне мықтап бекініп алды. Олар осы жерден бір қадам шегінбеуге барлық күшін салып бақты. Жұбанышов 43-ші атқыштар полкі бөлімшесінің командирі болатын. Міне, осы полктың жауынгерлері 1944 жылдың шілде айында Неман өзені жағалауына бекінген неміс фашистерін шабуылдауға көшті.
11-армияның қолбасшысы Галицкий дереу өзеннен өтіп, жауға тұтқиылдан шабуылдауға бұйрық береді. Әрине, бұл өлімге бас тігумен бірдей бұйрық еді. Өзеннің арғы жағалауында әрбір қалт еткенді нысанаға алып жау отыр. Бораған оқтың астында өзенді жүзіп өтуге күш-қайрат пен үлкен жүрек керек. Рота командирі барлық жауынгерлерді жинап алды. Ол тас-түйін болып тұрған солдаттарды бір шолып өтті. Бұл жауапты тапсырма. Тіпті басты өлімге тігу деген сөз.
«Қане, өз еркімен баратындар бір адым алға шықсын!». Ең алдымен топтан суырылып шыққандардың бірі біздің кейіпкеріміз Дархан Жұбанышов болды. «1944 жылдың 16 шілдесіне қараған түнде ержүрек жауынгерлер қайыққа мінді. Дархан қол пулеметін даяр күйінде кезеніп ұстап отыр. Арғы бетте біздің әскердің де бір бөлігі бар-тұғын. Қайыққа мініп, арғы бетке аттанған жауынгерлердің ең жауапты міндеті – арғы бетте қалған бөлімшеге қолмен ұстап жүзіп өтетін арқанды жеткізу. Осы жауапты тапсырманы да қазақстандық жауынгер өз міндетіне алды.
Жау өзен үстінде қылтыңдап келе жатқан қайықты байқап қалып, оқтың астына алды. Бұлар да оқ жаудыра отырып жағалауға келіп түсті. Жауынгерлер көп аялдаған жоқ, бекіністе жатқан жауға тап берді. «Отан үшін алға!» деп бөлімше командирі жауынгерлерге рух беріп, шабуылға алдымен өзі көтерілді.
Кескілескен қоян-қолтық соғыс траншея ішінде болды. Бөлімше командиріне 1-2 неміс тап берді. Ержүрек командир ыққан жоқ. Көзді ашып-жұмғанша фашистің біреуін тапаншамен атып өлтірді, іле-шала екіншісін де жайпады. Ержүрек жауынгерлер траншеяны ақыры толық босатып, арттағы қаруластарына аспанға ракета атып белгі берді. Бұл өзеннің арғы бетіндегі жауынгерлерге жол ашық деген белгі.
Сол күні күндіз аз ғана жауынгер жау әскерінің төрт шабуылын тойтарды. Сөйтіп қазақтың арда ұлы Дархан Жұбанышов бастаған жауынгерлер негізгі күштің Неман өзенінен өтуіне мүмкіншілік туғызды. Литва жерінде көрсеткен осы қаһармандығы үшін гвардия кіші сержанты Д.Жұбанышов Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Мұнан соң да батыр жауынгер талай соғысқа қатысып ерлік көрсетті. Бірақ Дархан Жеңіс жалауының Берлинде желбіреп, дүние жүзінің шат-шадыманға бөленген сәтін көре алмады. Ол Кенигсберг қаласына шабуыл жасаған ұрыста ерлікпен қаза тапты.
Біз батыр туралы осы деректерді қайдан алдық дерсіз? Соғыстан кейін көп жыл өткен соң литвалық Повилос Фраловас есімді азамат жерлесіміз туралы өзі білетін жайттардың бәрін қағазға түсіріп, хат жолдады. Хатта жоғарыда айтылған деректерді айта келіп, «Біз батырдың туып-өскен жерін де анықтадық. Ол Қызылорда облысы Арал ауданы Сарбасат ауылдық кеңесінің азаматы екен. Ол жерде батырдың анасы Үміткен Бербаева апай тұрады. Біз осындай батыр тәрбиелеген анаға алғыс айтамыз. Повилос Фраловас. Литва ССР» деп аяқтаған.
Бүгінде Арал ауданы Сексеуіл ауылындағы орта мектепке Дархан Жұбанышовтың есімі берілген. Ауылда батыр атындағы көше де бар. Дегенмен, жерлесіміздің ерлік істерін ел санасында жаңғыртып, ұрпақтарға үлгі ету батыр туралы басқа да деректер іздестіріліп, зерттелуі керек деп санаймыз. Осындай ерлерімізді есте сақтау келешек ұрпаққа аманат. Ерлерімізді ардақтау бізге – кейінгі ұрпаққа міндет.