Руханият • 09 Мамыр, 2020

Жеңіс мерекесіне 7,6 млрд теңге қарастырылған

158 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне көрсетілетін көмек туралы мәлім етті.

Жеңіс мерекесіне 7,6 млрд теңге қарастырылған

Вице-министр алдымен соғыс кезін­де майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақ­с­тандық шақырылғанын, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамалар құрылғанын айтты. Жауын­герлік ерліктері үшін мыңдаған қазақ­стандықтар медальдармен және ордендермен марапатталып, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте батыр атанып, 110 қазақстандық үш дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 1025 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және 123 217 ҰОС кезінде Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы азаматтар тұрады.

«Өз елінің өткенін білу және құрметтеу, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін Жеңісті жақындату жолында майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау – әрбір адамның парызы. 75 жылдықта арда­гер­лерге қамқорлық көрсету, олар­дың өмір сүру сапасын арттыру мемле­кеттің әлеуметтік саясатының басты басымдық­тарының бірі», деді Ерлан Әукенов.

Мәселен, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын ұлғаюда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем мөлшері базалық зейнетақы бойынша 5%-ға, ынтымақты зейнетақы бойынша 7%-ға өскен. Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бас­тап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төлемдердің мөлшері тағы 5%-ға индекстеліп, нәтижесінде 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері ҰОС қатысу­шыларына – 164 542 теңгені, ҰОС мүге­дектеріне – 169 762 теңгені, ҰОС қатысушыларына теңестірілген адам­дарға – 156 000 теңгені, ҰОС мүге­дек­теріне теңестірілген адамдарға – 109 427 теңгені, ҰОС жылдарындағы тыл ең­бек­керлеріне 107 577 теңгені құрады.

«Сонымен қатар ардагерлерге әлеу­меттік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әс­кери қызметшілер үшін қолданыла­тын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Жеңілдікпен тұрғын үй алады, салық салу бойынша жеңілдіктері бар, медициналық қызмет көрсету және санаторлық-курорттық емделуден тегін өтеді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге өмір­лік қиын жағдайда немесе мереке (атаулы) күндері материалдық көмек, тұр­ғын үйді жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерді төлеу және қоғамдық көлікте жол жүру бо­йынша жеңілдіктер түрінде қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді», деп толықтырды вице-министр.

Жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңістің 75 жылдығына орай жергілікті бюджеттерде осы мақсатқа 7,6 млрд теңге қарастырылған.

Жалпы, азаматтардың келесі санаттарына жататын 124 242 адам үшін біржолғы төлемдер қарастырылған. Олар: ҰОС қатысушылары мен мүгедектері (1025 адам), Қоршаудағы Ленинград тұрғындары (87 адам), концлагерлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары (289 адам), қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) (4 866 адам), ҰОС кезінде қаза болғандардың жесірлері (15 адам), тыл еңбеккерлері (109 040 адам), ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа да адамдар (8 920 адам).

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлер мен рес­публикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС-дағы Жеңіске үлес қосқан азаматтардың барлық санат­тары үшін материалдық көмектің ең тө­менгі кепілді шегін белгілеуді ұсын­ды. Нәтижесінде, ҰОС қатысушы­лары мен мүгедектеріне барлық өңір­лер­де 1 млн теңге көлемінде біржол­ғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және концлагерлердің жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 50 мың теңгеден кем емес қаржы беріледі. Қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдеріне, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері­не 30 мың теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек беріледі», деді Ерлан Әукенов. 

Республиканың 7 өңірінде төлемдер аяқталды. Олар – Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызыл­орда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жыл­дығын мерекелеу аясында ардагерлерге «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңістің 75 жылдығы» мерей­тойлық медальдары, сондай-ақ дәстүрлі азық-түлік себеттері беріледі.

 

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00