24 Қыркүйек, 2013

Құндылық атаулының басы

314 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

д16«Дінтұтқа» – ойға, санаға ықпал етер ұжымдық кітаптың аты. Бұрын-соңды естілмеген, айналымға жаңа кіретін сөз. Шымыр сөз, мығым ұғым.

Қазіргі таңдағы қазақ қоғамының наным, сенім кеңістігін тануға, саралауға, бағалауға мол себі тиер әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері мен әртүрлі дінаралық, конфессияаралық үнқатысу бағытындағы кездесу материалдарының, мақалалар мен сұхбаттардың, баяндамалар мен зерттеулердің басын құрайтын аталған кітаптың ұйыстырушысы – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы.

 

д16«Дінтұтқа» – ойға, санаға ықпал етер ұжымдық кітаптың аты. Бұрын-соңды естілмеген, айналымға жаңа кіретін сөз. Шымыр сөз, мығым ұғым.

Қазіргі таңдағы қазақ қоғамының наным, сенім кеңістігін тануға, саралауға, бағалауға мол себі тиер әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері мен әртүрлі дінаралық, конфессияаралық үнқатысу бағытындағы кездесу материалдарының, мақалалар мен сұхбаттардың, баяндамалар мен зерттеулердің басын құрайтын аталған кітаптың ұйыстырушысы – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы.

Соңғы он жыл ішінде бас газет бетінде жарияланып келген қыруар материалдар жүйелі түрде топтастырылып, жарияланған жылдарына, тақырыптық ерекшеліктеріне сай бір ізге келтірілген.

Сонымен...

Қоғам... Заман... Адам және Дін туралы көңіл төрін кезген ойлар парасы төмендегідей болды.

Дін – мәңгілік дүниесі мен адамзат баласының арасын жалғап тұрған тылсым күш.

Дін – Ұлы Жаратушы мен жер үстін жайлаған жұмыр бас пенденің арасындағы көзге көрінбейтін байланыстың алтын көпірі.

Дін – адам санасын тәубеге жүгіндіріп, пендешілік әлсіздіктерден ойын арылтар, жанын тазартар ұлы тәрбиеші...

Ұқсата білсе, адам баласының санасын салғырттық атаулыдан арылтып, пендешіліктен аулақ қондырар мейірім мен шапағаттың көзі, ұқсата білмесе, дүниені әлем-тапырық жасап, жұмыр бас пендені қан қақсатар аждаһа құралы... Оған он сан ғасырлық саналы дәуіріміз куә, аласапыраны мол тарихымыз айғақ.

Дін мен дін ұғысып өмір сүргенде өркениет өрісі кеңейіп, көркейіп, саналарға қанат біткен, адам баласының көңіл көзі ашылып, сенім керуені ұзарған.

Дін мен дін алакөзденіп, алыс-жұлыс шабысқанда ұлан-ғайыр кең дүние ұлтарақтай тарылып, аспан айналып, жерге түсердей күй кешкен... Саналар үрей тұтқыны болған...

Сөйте тұра, тарихи жады ой-санамызды қан­ша өткеннің өкінішін еске салып, ащы­ сабақтардан қорытынды шығаруға шақыр­ғанымен, имандылық айдыны жиі-жиі­ жетімсіреп, өгейлік кебін киген. Жер-Ана­ның кеудесі қарс айырылып, қатыгездіктің қай­раңына батып, өртіне оранған. Жұмыр бас пендеге тән ойдың ұмытшақтығы мен сана­ның еренсіздігі шындықтың шырағын зама­на сұрапылына жиі үрлетіп, адасу мен ал­жасудың, тарығу мен зарығудың қараңғы түнегіне қамалған. Неге?

Өйткені, жер үстін мекен еткен Адам Ата – Хауа Ананың ұрпағы дүркін-дүркін Алласын ұмытып, Ібілістің жетегіне еріп, сайтанның азғыруына түскен. Ұлы Жаратушының аманатын аттап, азғындыққа берілген. Сұлулықты уағыздап, сәнді сарайлар тұрғызған, кітап жазып, әуен шығарған адам қиялы жолынан тайып, адам жанын алудың сан түрлі айласы мен әдісін ойлап тапқан. Соның салдарынан иран бақтарды құм басып, қалалары қаңырап, аналары аңырап, байтағын шаң басып, бірінің жағасына бірінің қолы жармасып, қанды кек қанды кекке жалғасып, заманалар алмасып, он сегіз мың ғаламның жалғыз Иесін әркім өзінше иемденіп, бірімен бірі аш бөрідей таласқан ғасырлар артта қалған. Ұрпақ қырылып, ұлттар жойылған. Қабылдың қолы Әбілді жазаласа, Анарыстың қаны Сабырдың жебесінің ұшында кеткен...

Парсылар Құдай десе, арабтар Алла деген, орыстар Бог десе, түркілер Тәңірі деген Ұлы Жаратушы атынан жерүсті пақырларына түскен төрт кітаптың, түптеп келгенде, мақсаты жалғыз еді: Адамды Ібілістің жетегінен құтқарып, Алладан бұйырған бас­ты қазынамыз – ақыл мен сананы сайтанның табанына салғызбай, жер үстінде жұмаққа жақын өмір орнату, адалдық пен әділдік туын желбірету еді...

«Дінтұтқаны» оқып отырып, жады төрін осындай астарында ақиқат жасырынған аңыз, тәмсілдер оңды-солды шарлады. Қамал алып, жаланған сәттер мен қапы қалып, қамалған кездерді ойша түгендедік.

Біздің халықта: «Басы ауырып, балтыры сызда мағанның Құдаймен ісі жоқ» дейтін мақал бар. Адам баласына тән, ортақ мінез. Төркінінде шындық шыңғырып жатқан тура сөз. Шынында да, жұмыр бас пенденің көбі қиналып, қамыққанда құдайын ауызға алып, Ұлы Жаратушыға жалбарынатыны рас. Пенденің көбі сәждеге сондайда құлап, кресті сондайда сүйіп, пұтқа сондай сәттерде табынған. Көктен түскен төрт кітап сондай сәт-сағаттарда қолын созған, көмекке келген. Әлмисақтан солай. Дін адам жанына араша айтып, көмек беруші, құтқарушы рөл ойнаған.

Асылы, дін атаулының мақсат-мұраты жалғыз – адамды сақтау, адам жанын тәрбиелеу, өмірге өріс беру, адам баласын жаратылыстың жұмбағы мол сырларына бойлату, пенденің пешенесіне жазылған кісілік міндеттерді мүлтіксіз орындауға бағыттау. Адам адам болғалы күн тәртібінен түспей келе жатқан ақиқат. Сол мыңдаған жылдардан бері арып-ашып, тәрбиешілік, ұстаздық миссияны тынымсыз атқарып келе жатқан Діннің үшінші мыңжылдық босағасын аттап тұрып, жеті миллиардтан асып жығылар жер бетін жайлаған адамзат баласына берері не деген сауалдың қай-қайсымыздың да санамызды сағат тіліндей ұрғылап тұрғаны күмәнсіз.

Бұл – кез келген ұлт пен ұлысты, кез келген үлкенді-кішілі мемлекеттерді мазалайтын сұрақ.

Дүние өзгерді. Адамзат атаулы өз дамуының жаңа сатысына көтерілгенін бар болмысымен сезінеді. Сезіне отырып, әлдеқайдан әлдебір сұрапыл қалың ғайып күштің алдында тұрғанын аңғаратындай... Әлемдік тартылыстың бұзылуынан көрерін немесе жер үстін жайлаған тұрғындардың ессіз әрекеттерінен көрерін білмей, саналар жанұшыруда... Лайым өзгеріс атаулының ақыры жұмыр бас пендені де, жұмыр жерді де біз ойлап, біз армандаған ізгілік пен ықыластың, береке мен бірліктің айдынына алып шықсын, дейміз іштей мың қайталап.

Бірақ...

Көктен Киелі кітабымыз түскен елдегі аласапыран оқиғалар мен санаға сия бермейтін қанды қырғындар жанға тыным берер емес. Реті келген жерде айту парыз. Өз басым Таяу Шығыстағы құйқа шымырлатар ессіздіктерге, ессіздікті қолдан жасап жатқан мүдделі жұрттардың әрекеттеріне қатты алаңдаймын.

Мына жыр жолдары сондай сәттерде жазылған еді:

«Айдың асты, жердің үсті өзгерді,

Бәрін...

Бәрін...

Құлақ естіп, көз көрді.

Жаратушы жаңылмауы керек-ті,

Қалай,

Қайтіп Ібіліске сөз берді?!

Ойы салқын...

Сөзі мірдің оғындай,

Сексеуілдің ойып түсер шоғындай.

Тәңір Ием қалғып әлде кетті ме,

Сайтан қалай өте шықты соғылмай?!

Адам Ата, Хауа Ананың ұрпағы,

Ібіліске мадақ айтып, шырқады.

Көзсіз мадақ...

Ессіз мадақ айтылды,

Кезіп тау мен мұхиттарды, қырқаны...»

Адам жаңылса да Алла жаңылмасын дейік.

Осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын Астана қаласында Қазақ елінің Президенті Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей­ бастамашылығымен дінаралық, конфес­сия­аралық тарихи бас қосудың алғашқы құрыл­тайы өткенде әлем дәл қазіргідей шапшып, ширыға қоймағанымен, жаһандану дейтін құбылуы мол сипаттың саналарға сойыл, шоқпарын сілтеп, алыс, жақын шетелдердің біразын қобалжыта бастағаны анық еді.

Енді...

Әлем әлекедей жаланып тұр...

Құндылық атаулы мидай болып араласып, адам ойы мен санасын сарсаңға салар кезең келді. Қаржы қиындығы кәрі Батысты тұншықтырып, адамзат өркениетінің бесігін тербеткен елдердің біразының сау басына сақина ойната бастады. Жұмыссыздық сеңдей теңселіп, қайыршылық алқымынан алған, күні кеше ғана «ханға сәлем бермейтін» елдердің біразы қауқарсыздық күйін кешіп отырғаны жасырын емес.

Алғашқыда Қазақ Президентінің әлем дінбасыларын бір үстел басына жиып, алқалы топтың алдына әлемді сақтау дейтін іргелі мәселе қойғанына күле қарағандар да, миығын байқатпауға тырысқандар да, ықылас-пейілімен бұрылғандар да, сенімін серік етіп, мәселеге ынты-шынтысымен құлай берілгендер де болды.

Астана төріндегі биік мінбеден биік сөздер айтылды.

Биік сөздер бірте-бірте әлемнің төрт түкпіріне жете бастады. Қазақ жерінің айдынды Сарыарқасынан тараған елдер мен елдердің арасына дәнекер болар тағылымды ойлар әуелі әрқайсысы бір-бір діннің теңселмес қара нарындай болған дін басшыларының жүректерін қалай жылытып, жанарларынан сенім мен құрметтің сәуле нұрын қалай шашқанының куәсі болып едік.

Әлем дінбасылары Астанаға толғанып келіп, ойланып қайтуды әдеттеріне айналдыра бастады. Тілдеспек түгілі бір үстелдің басында қатар отыруды намыс көретіндердің өзі өзекжарды ойларын Астана Пирамидасының төрінен әлем жұртшылығына жаңылмай, жасқанбай айтуға үйренді.

Қазақ халқының ойлау жүйесінің кеңдігі мен тереңдігін ғаламдық биікке көтерген ұлы Абай бір сөзінде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, дала жұртын екі дүние алдындағы адалдыққа жүгінуге шақырса, тағы бір сөзінде «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол», деп ұлттық ойдың шеңберінен шығып, жалпы адамзаттың ойлау кеңістігіне құлаш ұруға үндейді, бағыт сілтейді. Еуропа мен Азияның ментальді психологиясы қоңсыласа қонған кеңістіктегі Ұлы Даланың кемеңгеріне ғана жарасар кеңдік қой бұл. Еуразиялық тәрбие ата сүйегімен бітіп, ана сүтімен дарыған елде басқаша болуы мүмкін емес. Сайып келгенде, бұл – елдің түпкі мақсат-мұратын бүкіл әлемнің тұтастығынан іздейтін қазақы ұлы мектептің айқын үлгісі. Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан сол мектеп қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін кеше қалай сақтап келсе, бүгінгі таңда көшін Нұрсұлтан Назарбаев сынды ұлттың сирек бітімді ұлдарының бірі, аса көрнекті еуразиялық тұлға бастаған көп ұлт өкілдері мен көп дін, көп конфессия өкілдері тұратын Қазақстанды да солай қорғап, қоршары анық.

Бұл жол – Қазақ елінің болашағын қамтамасыз ететін жол екені күмәнсіз.

«Дінтұтқа» кітабының өмірге келуіне дінбасылардың алқалы басқосулары мен сол басқосулар барысындағы ойлар, пікірлер екені белгілі.

Өрісі бөлек өзгеше жинақтың идеясын ұсынған, жобаға жетекшілік жасаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмиге үлкен ықылас білдіруіміз керек деп ойлаймын.

Адамзат баласы үшінші мыңжылдық босағасын аттап отырып, әлем дінбасыларының ойы мен сөзі бір арнадан табылып, бір мақсат жолында тоғысып жатса, Қазақ елі мен Қазақ жерінің мәртебесінің асқақтағаны деп бағалағанымыз жөн болар...

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының депутаты,

Қазақстан Жазушылар одағы

басқармасының төрағасы.

Соңғы жаңалықтар