Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Оқушылар даңқты панфиловшының немересімен бейнежазба арқылы жүздесті

419 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткенін білмеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр десек, бұл күндері еліміздің әр шалғайында тағылымды шаралар легі өтіп жатыр. Осындай өнегелі оқиғалардың қатарына – Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің шығармашылық тобы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай бастау алған «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз» марафоны қосылады. Осы бастама аясында майданда ерлік істерімен ел жадында қалған 28 панфиловшының ішіндегі төрт қандас бауырымыздың бірі Мұсабек Сеңгірбаевтың немересі, ел үшін жанын қиған батырдың тікелей ұрпағы Төлеген Мұсабековпен кездесті.

Оқушылар даңқты панфиловшының немересімен бейнежазба арқылы жүздесті

Мазмұнды да мағыналы кездесу еліміздің қос бірдей тарихи мерекелері – Отан Қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында өтті. Төлеген Мұсабеков 28 панфиловшының бірі, Балқаштан шыққан батыр атасы Мұсабек Сеңгірбаевтың ерлігі жайында баяндап, тың деректерден сыр шертті.

– Атам Мұсабек Сеңгірбаев 1914 жылы 26 қаңтарда Балқаш ауданының Бақбақты елді-мекеніне қарасты Сексеуіл Шұрық деген қыстауда дүниеге келген. Ата-анадан ес білген шағында алты жасында жетім қалып, әпкесі Күнестің қамқорлығында болады. Сол кездері әпкесі Күнес тұрмыс құрып, бала Мұсабекті өзімен бірге Қызыларық ауылына алып кеткен көрінеді. Атамыз сол ауылда он үш жасында ұжымшарға мүше болып, малын бағады. Комсомолға өтіп, комсомолдың хатшысы қызметін де атқарған. 1936 жылы Мұқыры МТС-інен механизатор курсын оқып бітіреді. Сол жеті бірдей ұжымшардада алғашқы техника тілін меңгеріп, тізгінін ұстап, тракторшы болған жігіттің бірі Мұсабек атамыз еді, – деп немересі Төлеген Мұсабеков бірқатар естелігін баяндады.

Сұрапыл соғыстың басталғаны жөніндегі хабарды естісімен Мұсабек Сеңгірбаев Үштөбе қаласындағы әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майдан қатарына қосылу туралы арыз жазады. Егістік алқаптарының пісіп, науқан уақыты басталған тұста әскери басшылар Мұсабек Сеңгірбаевтың өтінішін қабылдамай, кері қайтарса керек. Егістікті шашпай-төкпей жинап, науқанды аяқтауды тапсырады. Кейін Мұсабек Сеңгірбаев әскери комисариаттың кеңсесіне екінші қайтара барады. Жұмысты сенімді адамның қолына табыстап, ұжымшардың төрағасының рұқсатын алып келген Мұсабек Сеңгірбаевты бұл жолы басшылар қабылдап Алматыға жібереді. Осылайша ол әскерге алынып, Алматыда жасақталған генерал И.В.Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясының қатарына қабылданады. Сол кезде дивизия қатарына да техника тілін білетін, немістің танкілерін көргенде қорықпайтын, мылтық ұстай алатын қазақтың жас өрендерін алған. 316-атқыштар дивизиясының 1075 полкінің 4 ротасының 2 взводында бір жарым айдай жаттығып, тамыздың он сегізінде қаруланған бір топ әскеріміз батысқа қарай шайқасқа аттанған.

2016 жылы Ресейдің Волоколамск қаласында панфиловшылардың құрметіне, Мәскеу қаласын қорғауға 75 жыл толуына орай арнайы шара өткен болатын. «Лама» спорт сарайында режиссер Андрей Шальопаның 28 панфиловшыға арналып түсірілген «Жиырма сегіз панфиловшы» киносы қалың көрерменге жол тартты. Оған Ресейдің Мәдениет министрі В.Мединский және Москва облысының губернаторы А. Воробьев,  Қазақстан Републикасыныңсол кездегі Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысты. Кейіпкеріміз Төлеген Мұсабеков тарихи фильмнің көрсетіліміне елордамыздан отбасымен бірге барып, тұсаукесердің құрметті қонағы болды. Сол кинода Мұсабек Сеңгірбаевтың  рөлін Омск қаласында туған қандас бауырымыз Азамат Нұғманов сәтті сомдады. Бір ерекшелігі, сол Азамат Нұғмановтың жасы атамыз ерлік жасап өмірден өткен кез 27 жаста болғандығы. Аталмыш шарада татырдың тікелей ұрпағы ретінде Төлеген Мұсабековке сөз беріліп, Ресей мемлекеті «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалін тағады.

123

Естеріңізге сала кетсек, фильмнің Қазақстанда Алматы қаласында  өткен тұсаукесерінде батырдың ұрпағы Төлеген ағамыз халықтың атынан осы тарихи кинотуындының режиссері Андрей Шальопа мен сценарисі Ким Дружининге, сонымен қатар актер Азамат Нұғмановқа Тұңғыш Президент-Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен шығарылған «Кеңес Одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаев 100 жаста»төсбелгі медалінтабыс еткен болатын.

Есімін мәңгі есте қалдырып, жұрт жадында жаңғырту мақсатында Көксу ауданының Қызыларық орта мектебінде батыр Мұсабек Сеңгірбавтың құрметіне  мұражай ашылған. Жарлы-өзек ауылдық округінде Мұсабек Сеңгірбаев атында орта мектеп бар. Мұқыры ауылында және Талдықорған қаласында көше аттары берілген. Облыс орталығындағы әскери-техникалық мектепте бұрыш ұйымдастырылған. Ал Ұлыстың ұлы күні балқаштықтар батыр жерлестері – №1 Бақанас орта мектебіне Мұсабек Сеңгірбаевтың есімі берілуі салтанатты шарасының куәсі болды. Талантты жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әли Ысқабайдың «Мұзбалақ Мұсабек» атты кітабы жарық көрді.

Төлеген Мұсабеков атасының 100 жылдық мерейтойына орай кітап жазу ісін қолға алады. Сол кездегі атасын көрген көзі тірі ақсақалдардың өз аузынан мәлімет алып, қолдағы бар деректерді жинап, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы Али Ысқабайға бұйымтаймен барады. Батырдың құрметіне кітап жазу ісін құп көрген жазушы қуана келісіп, ақпарат жинауға, материалдар жазуға кіріседі. Кітапқа «Мұзбалақ Мұсабек» деген атау береді. 2013 жылдың желтоқсанындабаспаханаға 1000 дана кітапқа тапсырыс беріледі. 2014 жылдың қаңтарында батырдың ұрпағы Төлеген ағамыз кітапты қолына алады. Бүгінгі таңда аталмыш кітап еліміздің әр облысы мен аудандарындағы кітапханалардың, әскери колледждердің кітапханаларының төрінен орын алып тұр.

Әңгіме барысында Төлеген Мұсабеков батырдың артында қалған ұрпағы ретінде өз балалары мен немерелеріне үлкен аталарының ерлігі туралы жиі әңгімелейтінін айтты. Немерелері ойын баласы болғандықтан, қазір назар аудармауы мүмкін, бірақ өсе келе аталарының айтқан әр сөзі естерінде сақталып, рухты ұрпақ болып өсері сөзсіз. Бүгінде Төлеген Мұсбаековтың екі немересі де Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте білім алады.

Тарихи кездесудің соңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің шығармашылық тобы Төлеген Мұсабековке өз алғысын білдіріп, гүл шоқтарын сыйлады.