Жамбыл ауылдық округіндегі №36 жалпы орта мектебіне жайғастырылған еріктілердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда волонтерлар облыстық төтенше жағдай штабы тарапынан ұйымдастырылған барлық жұмыстарға атсалысуда.
«Еріктілер тасқын суда қалған ауыл азаматтарын эвакуациялық бекеттерге орналастыру, гуманитарлық көмекке келген тауарды тасымалдау, мұқтаж азаматтарға үлестіру сияқты шаруаларды атқаруда», дейді «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Амалбек Өміртай.
Волонтерлық жұмыстарға «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері де белсене қатысуда. Олар эвакуациялық бекеттерде күштік құрылымдардың шаруасына да көмектесіп жүр. «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұманның айтуынша, алғашқы күндерде 12 шақырым қорғаныс бөгеттерін тұрғызуға атсалысқан жастар мәдениет, қоғам қайраткерлерімен бірігіп, тұрғындарды сабырлыққа шақыру жұмыстарына да белсене араласуда. Бұдан бөлек, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының жастары мен волонтерлық ұйымдардан, республикалық "Jas Otan" жастар қанатынан гуманитарлық көмектер келуде. Бүгінгі таңда еріктілердің күшімен 10 мыңнан астам медициналық бетперде мен антисептикалық құралдар таратылған.
Түркістан облысы