Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Орал жеңіс мейрамын атап өтті

456 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Орал қаласындағы Жеңіс алаңында Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Орал жеңіс мейрамын атап өтті

Төтенше жағдайдың салдарынан кең көлемде аталмаса да, бұл күні жеңіс алаңы бос болмады. Күрделі жөндеуден өтіп, жаңғырып қалған алаңда бұл күннің қадір-қасиетін ұқтыратын мазмұндық пиондар – жарнамалық тақталар көбейіпті. Онда ІІ дүниежүзілік алапат соғысқа қатысқан Қазақстанның, соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінің үлесі барынша нақты көрсетілген.

Осы мейрам қарсаңында Жеңіс алаңында аспан астында ашылған әскери техникалардың мұражайы ашылған болатын. Мұнда сол заманның атақты «полуторка» жүк көлігі, 1943 жылы суасты минасының үлгісі, «Торпеда» зымыраны қойылған. Айта кетейік, бұл мина мен зымыран Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған! Бұдан бөлек алаңдағы мұражайда шынжыртабан әскери техникалар, зеңбіректер қойылған. Карантин аяқталып, індет сейілсе, бұл жер үлкен-кішінің жиі жиылып, арнайы келетін мәдени орынға айналғалы тұр екен.

1312

Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстан облысынан қан майданға 76265 адам алынып, соның 36548-і ғана тірі оралған екен. Майданнан алған жарақатынан мүгедек болып, тұрмыс қиындығын тартқандар қаншама! Батысқазақстандық 39 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 6 адам «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Бүгінде осы қырғынға қатысқан, қанын төккен, жанын берген барша боздақтың есімі дәл осы Жеңіс алаңында тасқа қашаулы тұр.

- Қадірлі ардагерлер, қымбатты жерлестер, баршаңызды Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүрегімнен құттықтаймын! Жеңіс күні – жаһандық сұрапыл соғыста арын – байрақ, намысын – найза еткен ардагер бабаларымыздың жанқиярлық ерлікпен, қайсарлықпен жеңіс жалауын желбіретіп, бүгінгі ұрпаққа ашық аспан, бейбіт күнді аманат етіп жеткізген қастерлі мерекесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық, - деді салтанатты жиында сөз алған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

Қала әкімі атап өткендей, мемлекет ардагерлерді қолдау үшін барлық жағдайды жасауда. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Орал қаласындағы 48 соғыс ардагері 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек алды. Концлагер тұтқынында болғандар мен Ленинградты қорғаушыларға 120 мың теңгеден, тыл ардагерлері мен ардагерлер жесірлеріне 30 теңгеден көмек көрсетілді.

123

Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай қаламыздағы ең көрікті мекен - «Жеңіс алаңы» қайтадан жаңартылды, «Даңқ мемориалы» батысқазақстандық сарбаздардың есімдері мен фотоларымен жаңадан безендірілді. Ұлы Жеңіске зор үлес қосып, жауға атылған 10 оқтың тоғызын дайындаған тыл ардагерлерінің құрметіне «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» барьелефі орнатылды. Аллеяларға батысқазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесі туралы ақпараттық тақталар қойылды, соғыстың негізгі оқиғалары мен кезеңдерін бейнелейтін суреттер, маңызды даталар енгізілді. Еліміздегі төтенше жағдай режимі мен карантин тәртібіне байланысты Жеңістің 75 жылдық мерекесіне арналған іс-шаралардың көбі қашықтан, онлайн форматта ұйымдастырылып жатыр, - деді қала әкімі.

132

Йә, жыл өткен сайын сол бір қанды қырғынның куәгерлері, жеңіс сарбаздары азайып барады. Батыс Қазақстан облысында небәрі 62 ардагер қалыпты. Қатары селдіреп қалған қаруластарының атынан бүгін алаңға келген Хамза Сафин, Иван Гапич, тыл ардагері Меруерт Жолдықайырқызы бүгінгі салтанатты өз көздерімен көргені үшін бақытты екенін айтты.

Осыдан дәл 75 жыл бұрын облыстық радионың эфирінен жеңіс хабарын жариялағаным есімде. «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Оралдан сөйлеп тұрмыз! Бүгін халқымыздың аңсап күткен ұлы жеңіс күні! Фашистік Германияның басқыншы армиясын Советтік Қызыл армияның солдаттары өз жерінде, өз топырағында, өз үңгірінде мәңгілік басын көтерместей етіп жеңді! Бүгін Ұлы жеңіс күні! Қуаныңдар! Шаттаныңдар!» - деп жүрегіміз жарыла хабарлаған сүйінші жаңалыққа 75 жыл өтіпті. Бұл күн аға ұрпақтың жанқиярлық ісін ел жадында сақтап қалуға арналған ең қастерлі мереке. Бүгінгі Тәуелсіздік баянды болсын, еліміз бүгінгі індетті де жеңіп, әр отбасы бақытты болсын, - деді Меруерт Жолдықайырқызы.

123

Бұдан кейін ардагерлер, жиналған халық қан майданда қаза тапқан боздақтардың рухына бір минут үнсіз тұрып құрмет көрсетіп, мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойды. Ардагерлер арнайы дайындалған электромобильге отырып, алаңдағы жаңа өзгерістермен танысты. Гид рөлінде қала әкімі Абат Абайұлының өзі жүрді.

Бұдан кейін ардагерлердің бір тобын облыс әкімі Ғали Есқалиев қабылдап, құрмет көрсетті. Оған қоса Орал қаласында тұратын әр ардагердің үйіне арнайы көлік аттанды. Карантин жағдайына байланысты олардың әрқайсысының үйі жанында шағын концерт қойылып, мерекелік сый-сияпат берілмек.

Бұған қоса жергілікті спорт мектептерінің оқушылары Жеңістің 75 жылдығы құрметіне облыс орталығының көшелерімен велошеру жасап жүріп өтті.

 

Батыс Қазақстан