Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Ақжайықта ардагерге кәсіпкерлер автокөлік мінгізді

1922 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Ілбішін ауылында тұратын соғыс ардагері Сұпығали Есімовке ауылдас кәсіпкерлері автокөлік мінгізді.

Ақжайықта ардагерге кәсіпкерлер автокөлік мінгізді

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Ұлы Жеңіс күні ауылда тұратын 94 жастағы қарияны Ақжайық ауданының әкімі қалияр Айтмұхамбетов арнайы келіп құттықтап, ақсақалға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің және өзінің атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Батыс Қазақстан олблысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы ардагерді бейне байланыс арқылы онлайн құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі.

Ардагерге күтпеген сыйлықты ілбішіндік жеті кәсіпкер жасады. Зайдок Өтеғалиев, Есей Қалентаев, Аманқұл Батырғалиев, Самат Мұқанов, Айтқаным Қабанова, Ақылбек Сагитов және Тілеген Өтемісов Ақжайық ауданы бойынша тірі жүрген жалғыз майдангерге «Лада Гранта» автокөлігін алып берді.

123

Сұпығали Есімов майданға 1944 жылдың қараша айында алынған екен. Оқу-жаттығу жиынынан өткен соң І Украина майданында 1170 атқыштар полкінде пулеметші, бөлімше командирі болып, жауға қарсы жан аянбай соғысқан. Соғыстан кейін де Эстониядағы құпия атом зауытында қызмет етіп, 3278 әскери бөлімде командир болған. Елге тек 1955 жылы оралыпты.

- Біздің Ақжайық ауданынан соғысқа 11 мыңнан астам жауынгер аттанған екен. Соның 5 мыңнан астамы жау қолынан қаза тапты. Сұрапыл соғыс жалыны шарпымаған шаңырақ жоқ. Сұпығали атамыз – ауданымызда соғыс отын көрген соңғы ардагер еді. Майдангерді құрметтеп, бүгінгі заманның атын мінгізген кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Елдің өркендеуі, кәсіпкерліктің дамуы, ауыл азаматтарының бақуатты тірлігі – дәл осы бейбітшіліктің, бізге бейбіт күн сыйлаған ардагерлердің арқасы, - дейді аудан әкімі Қалияр Шадиярұлы.

123

Ақжайық ауданы – жалынды ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері, майдан тілшісі Жұбан Молдағалиевтің туған жері. Биыл ауданда мерейтойлық шаралар кең көлемде өтуі жоспарланған болатын. Карантиннің кесірінен көп шаралар кейінге ысырылып тұр. Дегенмен, бүгінгі жеңіс күні азамат ақынынң Чапаев ауылындағы ескерткіші де гүлмен көмкерілді.

 

 

Батыс Қазақстан