Саяқұлы Шалтай (Шалданбай) – майдангер, Ұлы Отан соғыс ардагері. Атамыз 1923 жылдың көктемінде Жамбыл облысы Жуалы ауданы бұрынғы Шетбұлақ қазіргі Қайрат ауылында дүниеге келген. Нақты туған күні белгісіз, кейінірек туған күнін 9 мамыр мерекесімен бірге атап өтіп жүрдік.
Атамыз төрт ағайынды үш ұл, бір қыз. 1940 жылы атамның туған ағасы Балданбай Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алынды (майданнан аман оралды). Сұрапыл соғыс басталған уақытта атамыз небәрі 18 жаста болған екен. Отанды қорғауды борышы санаған ол аудандық әскери комиссариатқа барып, арыз беріп, 1941 жылы 3 наурызда әскер қатарына шақырылды. Алматы қаласында екі ай дайындық, Саратов қаласында 6 ай дайындықтан өтіп сержант шенімен сол жылдың қазан айында майданға аттанған.
«Бір ғана Сталинград майданында қазақ жауынгерлерінің саны 8280 адам болған екен, кейін білдік» деп үнсіз еске алатын (ұл-қыздарының әңгімелерінен). 1942 жылдың шілде айында басталып 1943 жылдың ақпанына дейін 200 күнге созылған Сталинград шайқасы фашистік Германияның таңдаулы әскерінің тізе бүгуімен аяқталған. Дәл осы шайқаста жау тарапы 1,5 млн-нан астам, Қызыл Армия 1 млн 130 мыңға жуық адамдарынан айырылған.
Атамыз 281 атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасында, Волга, Днепрден өту соғыстарына қатысқан. «Ең бір есте қалған кез фашистерді қуып келе жатып, Днепр өзенінен өткенде қиналдық. Өйткені, жаяу әскерді арғы жағаға өткізу үшін көпірдің орнына екі жағаға байланған «трос» арқылы өту керек болды. Арғы беттен немістерде атқылап жатты, көз алдымызда талай жас сарбаздар мерт болып, суға ағып кетті», – деп атамыз естеліктерімен бөліскенде көзіне жас алатын.
1944 жылы 244 атқыштар дивизиясы, 907 атқыштар полкінде бөлімше командирі болған. Полк Кишинев, Одесса қалаларын азат етті. Кейін 57 армияда взвод командирі болған. Молдавиядағы Бендер қаласын азат еткен шайқаста атамыз ерлігімен көзге түсіп, Сталиннің «Алғыс хатымен» марапатталған. 1945 жылы 51 механикаланған танк полкінде бөлімше, взвод және ротаны басқарған.
Атамыз Сталинград, Украина, Белоруссия, Молдавия қалаларын жаудан азат етуге қатысады. 1945 жылы Молдавияда соғысты аяқтап, 1947 жылға дейін 61 әскер қатарында болған. «Егер Жапония соғыс аша қалатынай болғанда полкті бірден сонда жіберуге дайын тұрдық» дейтін атамыз.
Атамыздың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі, еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін», «Маршал Жуков», «За боевые заслуги», «Ұлы Отан соғысына – 25 жыл», «Еңбек озаты» және тағы да басқа 12 медальмен марапатталды. Сонымен қоса, тың жерлерді игергені үшін «Еңбек ардагері» медалі және еңбектері үшін мақтау қағаздарымен, аудан, облыс әкімдерінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.
Саяқұлы Шалтай 1947 жылы 4 наурызда елге оралды. Апамыз Рыскүлмен отау құрып, төрт ұл үш қыз тәрбиелеп өсірді. Аллаға шүкір бүгінде атамның 22 немересі, 37 шөбересі бар.
Батыр ардагер атамыз 2008 жылы 10 сәуірде 85 жасында дүниеден озды. Атамыз кіші ұлы Алтынбек пен келіні Нұржамалмен бір шаңырақта тұрды. Әулетіміздегі кез келген жиын, қуаныштар біздің үйді айналып өтпейтін, алыстан келген қонақ тұрақтайтын, үлкені мен кішісі сәлем беру үшін іздеп келетін қара шаңырақ болатын. Қазірде осындай және бұдан кейінде осылай қала бермек.
Атам дүниеден өткен кезде мен небәрі 10 жаста болдым. Атам екеуміз бір бөлмеде ұйықтайтын едік. Таңмен жарыса оянып алып, ойыма келген сұрақтарды қойып отырушы едім. Атам еш жалықпастан бәрін әңгімелеп отыратын. Сол кезде атам өзінің басынан кешкен қызықты әңгімелерін, сұрапыл соғыс уақытын, ғибрат алатын көптеген әңгімелерін айтатын. Қарап отырсам сол кездер қайталанбас, баға жетпейтін бақытты сәттерім екен.
Батырдың немересі атанып, есімін арқалап жүру мен үшін үлкен мақтаныш, жауапкершілік. Біз қазақ деген батыр халықтың ұрпағымыз. Біздің өткеніміз барша қазақстандықтың тарихы. Бейбіт күнді сыйлаған қаны мен терін аямаған ата-бабаларды ұлықтап, құрмет көрсету барша қазақстандықтың парызы. Осынау тарихы мен батырлары бар біздің халқымыз бақытты.
9 мамыр – Жеңіс күні, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Саяқұлы Шалтайдың немересі
Шалтай Еркебұлан