Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Төлеби ауданында бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша 105 жоба іске асырылуда

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Төлеби ауданының өнеркәсіп саласында жүзеге асырыла бастаған ірі жобалардың бірі - «Ленгір машина жасау зауыты». Жалпы өндірістік аумағы 13 мың шаршы метрден асатын кәсіпорында толықтай қайта құру, жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс, темір өнімдері мен бөлшектеріне маманданған зауыт тапсырыс болған жағдайда поезд вагондары мен бөлшектерінде жасап шығара алады. Жобаға 3-3,5 млрд теңге  инвестиция тартылмақ.

Төлеби ауданында бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша 105 жоба іске асырылуда

Отандық шикізат пайдаланылып, өндірілген өнімдерді еліміздің ішкі нарығына шығару жоспарланып отырған кәсіпорында 150 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Тоқырау кезінде қараусыз қалған машина жасау зауыты қайта жанданып, биыл іске қосылады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға сапарында аталмыш кәсіпорында болды, сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалармен танысты. Аудан орталығындағы «Жастық» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Білім ұялары жаңартылып, 20 пәтерлі 9 тұрғын үй бой көтерді.

Сондай-ақ облыс әкімі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай аудан орталығында орнатылатын ескерткіш жобасымен танысты. Биіктігі 3,5 метр мыстан құйылған ескерткіш демеушілер тарапынан жүзеге асуда. Ұлы ойшылдың мүсіні жаңадан бой көтеретін Абай аллеясында орнатылады. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен тарихи тұлға Төле бидің 7 метрге жететін еңселі ескерткіші бой көтереді. Ауданға сапарында Өмірзақ Естайұлы Көксәйек елді мекеніндегі жеке шаруа қожалығымен танысты. Наурыз айында іске қосылған шаруа қожалығы 4 гектар жерге қызанақ, қияр, сәбіз, құлпынай, болгар бұрышы сынды көкөністерді егеді. Аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің баяндауынша, биыл ауданда егілетін егіс көлемі 65684 гектарға жеткен. Бұдан бөлек,  облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша 105 жоба іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Тамшылатып суғару технологиясы мен қарқынды жеміс-жидектің көлемі 35 гектарға, суармалы жердің көлемі 80 гектарға артып, ауылшаруашылық техникалары 4 бірлікке жаңаланған.

 

Түркістан облысы