Аймақтар • 10 Мамыр, 2020

Түркістан: Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылуда

451 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданында тасқын судан зардап шеккен азаматтарға арнап салынатын тұрғын үйлердің құрылысын 40-тан астам компания жүргізбек. Бүгінде үйлердің іргетасын қалау жұмыстары басталды. Құрылысқа негізінен, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай, Мақтаарал ауданының тұрғындары тартылуда.

Түркістан: Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылуда

Мырзакент іргесіндегі тұрғын үй салу жұмыстарын бастаған компаниялардың бірі - «Стройконсалтинг» ЖШС. Құрылыс компаниясы бірінші кезеңде 10 үйдің құрылысын маусым айының аяғына  дейін аяқтаймыз деп отыр.

«Біз бүгінде 10 үйдің іргетасын құю жұмыстарына дайындықты бастап кеттік. Салынатын үй көлемі 100 шаршы метр, ені мен ұзындығы 11-де 11 метр. Құрылыс жұмыстарына қажетті қол күшін негізінен Мақтаарал ауданының тұрғындарынан тартып жатырмыз. Құрылысшыларға жалақы істеген жұмыс көлеміне сай әрі кезең-кезеңімен тоқтаусыз төленіп отыратын болады. Ең басты мақсат - құрылысты сапалы аяқтап, елдің ыстық ықыласы мен алғысына бөлену», дейді компания жетекшісі Талғат Оразұлы.

Алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналасқан Мырзакент елді мекенінің тұрғыны Ердос Башаров қиын-қыстау кезде жергілікті тұрғын ретінде жақсы істің басы-қасында жүруді азаматтық борышы санайды. Ауданның жұмыссыз жүрген жастарын құрылысқа атсалысуға шақырады. «Айлық уақтылы төленеді. Үш мезгіл тамағы да фирма атынан тегін қарастырылған. Ендеше, үйде қарап отырмай Мырзакентіміздің өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысайық», дейді Ердос Башаров.

 

 

Түркістан облысы    

Соңғы жаңалықтар