Спорт • 11 Мамыр, 2020

Әлемдік додадағы алғашқы жүлде

219 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 42 жыл бұрын, яғни 1978 жылдың 6-20 мамыр күндері Югославияның астанасы – Белградта бокстан ІІ әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бірден айта кетейік, бұл жарыстың біздер үшін жөні бөлек. Себебі, дәп сол Балқан тауы бөктерінде Қазақстанның былғары қолғап шеберлері әлемдік додадағы өздерінің алғашқы жүлдесіне қол жеткізген еді. Атап айтсақ, 67 кило салмақта жұдырықтасқан алматылық Валерий Рачков алдына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді. Міне, жуан жұдырықты жігіттер жиналған жаһандық жарыста жерлестеріміздің жеңісті жолы осылай басталған еді.

Әлемдік додадағы алғашқы жүлде

Бокстан әлем чемпионаты тұңғыш рет 1974 жылы Кубаның астанасы – Гаванада ұйымдастырылды. Бірақ Бостандық аралына Қазақстаннан бірде-бір боксшы барған жоқ. Арада төрт жыл өткеннен соң айтулы доданы Белград қабылдады. Балкан тауының етегінде 41 мемлекеттен келген 220-ға тарта былғары қолғап шебері бақ сынады. КСРО-ның боксшылары барлық 11 салмақта өнер көрсетіп, солардың алтауы жеңіс тұғырына көтерілді. Нақтылап айтсақ, Валерий Львов (63,5 кило), Валерий Рачков (67 кило), Виктор Савченко (71 кило) теңдессіз деп танылса, Владимир Сорокин (60 кило) финалда сүрінді. Ал Александр Михайлов (51 кило) пен Николай Ерофеевке (81 кило) қола медаль бұйырды.

КСРО-мен қоса, қазақстандық жанкүйерлерді теңдессіз өнерімен тамсандырған Валерий Рачков жайында айтар болсақ, ол 1956 жылы Алматы қаласында өмірге келді. Республикалық «Динамо» спорт қоғамында жаттығып, Станислав Болдыревтей білікті бапкерден тәлім-тәрбие алды. 1973 жылы Бүкілодақтық жастар ойындарында топ жарып, қырағы мамандардың назарына ілікті. Жетпісінші жылдардың екінші жартысында қатарынан үш рет КСРО чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. 1976 жылы Монреальда алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысты. Бастапқы қос бәсекеде Финлияндия мен Жаңа Зеландия өкілдерін ұтқан жерлесіміз үшінші кезеңде ГДР боксшысы Йохен Бахвельдке есе жіберді. Дәп сол неміс жігіті аталған жарыстың жеңімпазы атанды.

2

1978 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Валерий Рачковтың жолы Йохен Бахвельдпен қайта қиысты. Белградта жерлесіміз Олимпиада чемпионына жер сипатып кетті. Жартылай финалда америкалық Рузвельт Гриннің тас-талқанын шығарды. Бұл бәсеке екінші раундта тоқтатылды. Ақтық айқаста ринг қожайыны Миодраг Перунович біздің жігіттің қарқынына шыдамады. Сөйтіп, Алматының тумасы әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізді. 

22 жасында әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшы алдағы уақытта да оза шабатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Бірақ Белградтағы триумфтан кейін Валерий жиі сүріне бастады. Мәселен, 1979 жылы Мәскеуде алауы тұтанған КСРО халықтары Спартакиадасының ақтық сынында Александр Кошкиннен ұтылса, 1980 жылы Дондағы Ростовта өткен Одақ біріншілігінің жартылай финалында Петр Галкинге жол берді. Осы сәтсіздіктерден соң жерлесіміздің Мәскеу Олимпиадасына қатыса алмайтыны анық еді. Содан кейін-ақ спортқа деген құлшынысы кеміген Рачков былғары қолғабын шегеге ілуді құп көрді.

Жалпы 1974-1991 жылдар аралығында әлем чемпионатының жалауы алты мәрте желбіреді. КСРО тұсында Қазақстанның өрендері айтулы жарысқа сирек қатысты. Атап айтсақ, 1982 жылы Мюнхенде ұйымдастырылған айтулы жарыс­та Серік Қонақбаев (67 кило) күміс медальді мойнына ілді. Кубалық Хосе Луис Эрнандес, италиялық Натале Скапеллато және нигериялық Роланд Оморуиден басым түскен қандасымыз шешуші тұста америкалық Марк Бриландтың осал тұсын таба алмады. Дәл сол жарыста Серік Нұрқазов та (57 кило) күш сынасқан еді. Алайда ширек финалда оны америкалық Бернард Грэй тоқтатты.  

1986 жылы АҚШ-тың Рено қаласында өткен жарыста Қазақстаннан жалғыз Бейбіт Есжанов (51 кило) бақ сынады. Бастапқы бәсекелердің бірінде қандасымыз кубалық Педро Орландо Рейестен ұтылды. 

1989 жылы Мәскеуде ұйымдастырылған додада КСРО құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Куба қабылдандарынан озып, жалпы командалық есепте бірінші орынды олжалады. Сол жарыста Теміртаудың тумасы Игорь Ружников (63,5 кило) алтын медальді мойнында жарқыратты. Бастапқы бәсекелерде Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, аустралиялық Грэм Чейни мен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы, кубалық Канделарио Дуверхельді жолынан ығыстырса, жартылай финалда югославиялық Вукашин Добрашиновичті ұтты. Финалда жерлесіміз Германияның мақтанышы Андреас Оттоны сан соқтырды. Мәскеуде өткен сол жарыста Александр Мирошниченко (+91 кило) күміс медальді еншіледі. Ақтық айқаста отандасымыз Кубаның алыбы Роберто Баладоға есе жіберді.

1991 жылғы әлемдік дода Сиднейде өтті. Ол азуы алты қарыс Кеңес Одағының шаңырағы шайқалған тұс еді. Сол кездері әділдікті белден басқан  мәскеулік бапкерлер Қазақстанның бірде-бір боксшысын Аустралияға апармады. Ал шынтуайтына келсек, біздің елде ондай құрметке лайық гүрзі жұдырықты жігіттер жетерлік еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтулы жарыс қарсаңында өткен соңғы екі КСРО чемпионаттарының нәтижелеріне зер салайық:

1990 жыл, Луцк ( 1 алтын+ 4 күміс+ 5 қола): Алтын – Кәрімжан Әбдірахманов (48 кило). Күміс – Нұрлан Қалыбаев (51 кило), Вадим Присяжнюк (57 кило), Игорь Шишкин (91 кило) және Михаил Юрченко (+91 кило). Қола – Мереке Жүсіпов (51 кило), Есболат Нұрманов (51 кило), Жұматай Түсіпов (54 кило), Бақытжан Аманбаев (60 кило) және Серік Өмірбеков (91 кило).

1991 жыл, Қазан (1 алтын+4 күміс+4 қола): Алтын – Болат Теміров (51 кило). Күміс – Бектас Әбубәкіров (48 кило), Мереке Жүсіпов (54 кило), Кәміл Хабибрахманов (75 кило) және Игорь Шишкин (91 кило). Қола – Кәрімжан Әбдірахманов (48 кило), Мұрат Шаимов (51 кило), Мұхтар Жапарқұлов (60 кило) және Николай Кульпин (+91 кило). 

Сөйтіп, 1990 және 1991 жылдары өткен КСРО чемпионатында Қазақстанның 20-ға жуық өрені жеңіс тұғырына көтерілгеніне қарамастан, солардың бірде-біреуіне Сиднейге бару бақыты бұйырмады. Басқа да жарыстарда жерлестеріміздің әділетсіздіктің азабын молынан тартқаны баршаға мәлім. Ең өкініштісі, КСРО-ның туы астында өнер көрсеткен жылдары санау­лы ғана жігіттеріміз әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне бөленді. Нәтижесінде небәрі төрт жүлдеге (2 алтын мен 2 күміс) қолымыз жетті.

Көп кешікпей Кеңес Одағы келмеске кетті. Тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін Қазақстан­ның былғары қолғап шеберлері 1993-2019 жылдар аралығында әлем чемпионаттарына 14 мәрте қатысып, барлығы 46 жүлдеге қол жеткізді. Әрине, бұл – орасан зор табыс! Осы жайттың өзі-ақ қазақ боксының әлеуетін анық аңғартып тұрса керек!