24 Қыркүйек, 2013

Алынған асулар, көрінген көкжиектер

257 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астанада еліміздің инновациялық дамуының онжылдық қорытындысын қараған мерейтойлық форум өтті

Таяуда Астанада «Инновациялық онжылдық» атты форум өтті. Оның жұмысына үкіметтік органдардың өкілдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың даму институттарының басшылары, бизнес өкілдері, инновациялық кәсіпкерлермен қатар, осы бағытта Қазақстанмен әріптес елдерден арнайы мамандар мен халықаралық сарапшылар да қатысты.

 

Астанада еліміздің инновациялық дамуының онжылдық қорытындысын қараған мерейтойлық форум өтті

Таяуда Астанада «Инновациялық онжылдық» атты форум өтті. Оның жұмысына үкіметтік органдардың өкілдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың даму институттарының басшылары, бизнес өкілдері, инновациялық кәсіпкерлермен қатар, осы бағытта Қазақстанмен әріптес елдерден арнайы мамандар мен халықаралық сарапшылар да қатысты.

Форум Технологиялық даму жө­нін­дегі ұлттық агенттіктің онжылдық мерейтойына орайлас өткізілгендіктен оның жұмысы еліміздегі соңғы он жыл ішіндегі инновациялық дамудың нәтижелерін қорытындылады. Сонымен қатар, алдағы уақыттағы даму мүмкіндіктерін айқындауға ұмты­лыс танытты. Оны Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, жаңадан құрылған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қолдауымен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік өткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев форумға қатысқан қонақтарды және Технологиялық даму жөніндегі ұлт­тық агенттіктің қызметкерлерін мерей­тойлық белеспен құттықтай отырып, осы он жылдың ішінде Қазақстанның инновациялық даму бағытында едәуір секіріс жасап үлгергендігін атап көрсетті. «Осыдан он жыл бұрын біздің елімізде инновациялық үдеріс деп айтуға лайықты ештеме болмап еді. Өйткені, бізде, ең бастысы, инновациялық орта болмады. Оның құрылымдары қалыптаспаған еді. Елбасының алға қойған міндеттеріне, берген тапсырмаларына сәйкес біз осыны жасадық. Ең алдымен осы бағытта жұмыс істейтін мемлекеттік мекеме дүниеге келді. Инновациялық құрылымдар қалыптастырылды. Қазір елімізде көптеген технопарктер жұмыс істеуде. Нәтижелер жаман емес. 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда, кәсіпорындардың инновациялық технологияларға шығыны 61 миллиард теңгеден 326 миллиард теңгеге дейін өсті. Инновациялық өнімдердің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 0,51 пайыздан 1,25 пайызға дейін артты. Өң­деу өндірісіндегі еңбек өнімділігі 34 пай­ыз­ға өсіп, бір жұмысшыға шақ­қанда 51 мың долларға дейін жетті. Инновациялық белсенді кәсіп­орын­дардың үлесі 4 пайыздан 7,6 пайыз­ға дейін көтерілді», деді Әсет Исекешев.

Мұнымен қоса, Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық рей­тингінде Қазақстан өз орнын нығай­та түскен. Осы форумның жуық­тағы қорытындысында еліміз өт­кен жыл­мен салыстырғанда, тағы бір қа­дам алға басып, әлемнің 148 мем­леке­­тінің ішінен 50 үздік ел қата­ры­на кірді. Мұнда инновациялық даму деңгейі­міздің де жедел жақсарып келе жатқан­ды­ғы атап көрсетілген. Қа­зақ­стан міне, осы инновациялық фактор бой­ынша 19 қадам алға басып, 84-ші орынды иеленсе, «инновациялық әлеу­ет» факторы бойынша 18 қадам алға ба­сып, 74-ші орынға қадам тіреді. «Жо­ға­ры технологиялық өнімдерге мем­лекеттік сатып алу» бойынша 13 қа­дам алға басып, 58-ші орынды иеленді.

Әсет Исекешев Қазақстанның инно­ва­циялық бағыттағы дамуына мемлекет қолдауының көп көмегі тигендігін, енді Елбасының Қазақстан-2050 Стратегиясы бойынша алдағы дамуында нақ осы инновациялық дамуға басты басымдық берілгендігін, бұл орайдағы негізгі міндет елімізде ғылым мен білімнің қатысуымен жұмыс істейтін инновациялық экономика құру екендігін атап көрсетті.

Инновациялық идеяларды алға жылжытуда жақсы нәтижелер көрсе­те білген Технологиялық даму жө­нін­дегі ұлттық агенттік ендігі кезекте жаңадан құрылған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың сенімді басқаруына берілгендігі белгілі. Осы форумды жүргізген және «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаевтың атынан сөз алған оның басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі Қаныш Тулеушин «Бәйтеректің» алға қойып отырған мақсаттары жөнінде баян­дап берді. «Технология жөніндегі ұлттық агенттік еліміздегі инновация саласындағы басты даму институтына айналып үлгерді. Енді біз даму институтының тиімділігін арттыру бойынша онымен бірлесе жұмыстар жүргізе отырып, тиімді істерді одан әрі жалғастыратын боламыз. Агенттік бұрын ғысынша осы істердің көш басында қала береді», деп мәлімдеді.

Форумда «Технологиялық даму жө­нін­дегі ұлттық агенттік» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Халықаралық биз­­нес университетінің президенті, ҰҒА ака­демигі Кенжеғали Сағадиев еліміз­дегі инновациялық үдерістердің даму белес­терін айқындайтын тартымды баяндама жасады.

– Еліміздегі инновациялық даму үдерісін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірінші кезеңі 2003-2009 жылдар аралығын қамтыды. 2003 жылы елімізде осы үдерістерді жүйелеп, дем беретін «Ұлттық инновациялық қор» АҚ құрылды. Бұл кезеңнің негізгі бағыттары отандық венчурлық қорлар құру, жобаларды қаржыландыру, инновациялық инфрақұрылымдарды қалыптастырып, дамыту болды. 2009-2011 жылдарды қамтыған екінші кезеңде аталған қор өз алдына елімізде осы жылдардан бастап, қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру ісіне белсене қатысты. Бұл кезеңде қор қызметі кеңейтілді. Ол енді инновациялық даму бағытындағы кәсіпорындарға ақпараттық талдау жөніндегі көмектер көрсетіп, осы бағыт бойынша халықаралық ынтымақтастық арнасын кеңейтуге, инновациялық қыз­мет­терді насихаттауға кірісті. Ал 2011 жылдан басталған үшінші ке­зең­де «Ұлт­тық инновациялық қоры» АҚ одан әрі нығайтылып, оның негі­зінде ұлттық агенттік пайда болды. Инновациялық бағыттағы жобалар қаржыландырылды, еліміздің жас инноваторларына көптеген көмектер көрсетілді, – деп атап көрсетті Кенже­ғали Әбенұлы.

К.Сағадиевтің айтуы бойынша, осы онжылдық белестің алғашқы бес жылы құрылымдық тұрғыдан қалыптасу бағы­тында өтсе, соңғы бес жылда серпінді даму­ға қарай бет бұрылды. Мұның нәтижесін мына фактілерден анық байқауға болады. Қазіргі күні еліміздегі инновациялық белсенді кәсіпорындардың қатары 2,1 пайыздан 7, 6 пайызға, яғни 3,6 есе өсіп отырса, инновациялық бағыттағы зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған ішкі шығын көлемі 2003 жылғы 11,6 миллиард теңгеден 2012 жылы 51,2 миллиард теңгеге дейін, яғни 4,4 есе өсе түскен. Кәсіпорындардың техно­ло­гиялық инновацияларға шығындаған қаржы көлемі 2003 жылы 18,9 миллиард теңгені құраса, 2012 жылы ол 325,6 миллиард теңгені құрап, он жылдың ішінде 17 есе өскен. Ең бастысы, осы аралықта елімізде шыға­ры­латын инновациялық өнімдер көлемі 2003 жылмен салыстырғанда 5,8 есе артқан. Инновациялық дамудың нақты нәтижесін білдіретін бұл бағыт бойынша еліміз қарқынды алға басуда. Мәселен, 2011 жылы елімізде шығарылатын инновациялық өнім­дер көлемі 235,9 миллиард теңгені құраса, 2012 жылы ол 379 миллиард теңгені құрап, бір жылдың өзінде 60,6 пайызға көтерілді.

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төра­ғасы Айдын Құлсейітов өзі басқарып отырған осы құрылымның он жыл ішінде 3 мыңнан астам идеялар мен жобаларды қарастырып, оның 600-не 18 миллиард теңге көлемінде нақ­ты қолдау көрсеткендігін жеткізді. «Бүгінгі форум біздің осы жылдар ішінде жасаған жұмыстарымыздың нәтижесін талқылап, қорытындылауға, инновациялық үдерістің келешегін айқындауға үлкен жәрдемін тигізеді. Мемлекет басшысы алдымызға индустриялық-инновациялық даму жөнінде өршіл де айқын міндеттер қойып отыр. Біз бұл іске барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», деді ол.

Сондай-ақ, осы жиында Еуро­одақ­тың Қазақстандағы өкілді­гінің басшысы, елші Аурелия Бушез, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» бірлестігінің атқарушы директоры Темірлан Алтаев, Израильдің «LN Innovative Technologies» инкуба­торының директоры Клара Орен, Кореяның КИСТЕП халықаралық қарым-қатынас және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Ким Бьонгсу, «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Марат Баккулов, «Ромат» дәрі-дәрмек компаниясы» ЖШС президенті Тұрарбек Рақыш сөз алып, өздеріндегі жақсы тәжірибелер жайында баяндады, сонымен қатар, байқалып отырған проблемаларды ортаға салды.

Осыдан он жылдай уақыт бұрын Үкімет өз отырысында еліміздің инновациялық даму жөнінде арнайы мәселе қарап, оның бағыттарын талқылаған кезде біз бұл отырыстан жазған репортажымызға «Барыстың бұлқынуы» деген тақырып қойған едік. Енді он жылдан кейінгі осы басқосудан біздің еліміздің аталған бағыт бойынша едәуір алға жылжығандығын, тіпті бірнеше еселеген көрсеткіштерге қол жеткізгендігін білдік. Оның үстіне еліміз жалпы индустриялық-инновациялық бағыт бойынша алға басып, еліміздегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіріп отыр. Бұл – Елбасының алға қойған стратегиялық мақсатының сәтті орындалуының бір көрінісі.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар