Экономика • 11 Мамыр, 2020

Кешіккен қаржының кесірі күзде тимесін

239 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқару мәселесіне ел Президенті ерекше маңыз берді. Наурыз айының соңында жасаған мәлімдемесінде ол тек көктемгі егіс науқанының өзіне бюджеттен бұрын бөлінген 70 млрд теңгеге қосымша тағы 100 млрд теңге бөлуді тапсырды. Арада бірнеше күн өткенде Үкіметке форвардтық сатып алу тәсілін қолданып, биылғы өнімді кем дегенде алты ай бұрын саудалауды тағы бір ескертті.

Кешіккен қаржының кесірі күзде тимесін

Шындығына келсек, еліміздегі шаруа қожалықтарының 70-80 пайызына бұл қаржының жетпей қалуы мүмкін. Себебі егін егу науқаны солтүстік өңірлердің өзінде мамырдың соңында аяқталады. Ал осыған дейін игерілген қаржының көлемі 51 млрд теңге ғана. Енді қалған 20-25 күнде бөлінген қаржы 100 пайыз игеріле ме?

 

Рәсімдеудің әлегі көп

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, 51 млрд теңгеге елдегі 252 мың шаруа қожалығының 1822-сі ғана қол жеткізді. Бұл – еліміздегі барлық шаруа қожа­лы­ғының 1 пайызы. Сонда қалған ауылшаруашылық құрылымдары неге бұл қаржыдан несие-үлес ала алмай отыр?

Себебі бюджеттен бөлінген қаржы ал­дымен «ҚазАгро» ҰБХ-ның қор­жы­нына түседі. Келесі кезекте бұл құ­ры­лым өзінің еншілес компаниялары – «Аграрлық несие корпорациясы» және «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ, сондай-ақ екінші деңгейдегі банк­терді, кредиттік серіктестерді қорландырады. Содан кейін барып бұл құрылымдар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге несие бөле бастайды. Осындай қаржылық операциялардың өзіне біраз уақыт кетеді.

Содан кейін де несиеге қол жеткізу мәселесі тез шешіле қойса жақсы ғой. Ал келіп құжат тапсырған кезде көптеген шаруа бұл құрылымдардың талабына сай келмей қалады. Өйткені аталған құры­лымдар ірі тауар өндірушілерге ба­сымдық береді де, ұсақ шаруа қожа­лық­тары жеңілдетілген несиеден шет қалады. Олардың ірі шаруашылықтар сияқты қоятын кепілдігі жоқ немесе жетіспейді. Бірақ бұдан олар несиені қай­таруға қауқарсыз деген тұжырым жасауға бола ма? «Жоқ, әрине. Өткен жы­л­дарда осын­дай шағын қожалықтарға фор­вардтық сатып алу арқылы қаржы бөлу тәсілі қолданылды. Форвардтық сатып алу дегеніміз – шаруа қожалығының биылғы егістен алатын өнімін алдын ала сатып алу. Сол кезде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК кепіл­гер ретінде өңірлік Әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялардың мүмкін­дік­терін пайдаланған еді. Мұн­дай схе­мада әкімдіктер жергілікті тауар өнді­ру­шілермен бірге барлық ұйым­дастыру мәселелерін нақты және уақтылы шешіп отырды. Нәтижесінде, қара­жатты қайтару кезінде мәселе бол­ған жоқ.

Көптеген қожалық қарызын да қайтарып, қамбасын да астыққа толтырып, жылды табысты аяқтады. Әлемді азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатып отыр­ған­да біз егін саламын деген қожа­лық­тың қолын қақпауымыз керек. Ел Президенті сол себепті Үкіметке фор­вардтық сатып алу тәсілін егізуді тапсырып отыр. Сонымен бірге бірыңғай колл- орталық құрып, көктемгі егіс жұмыстарын қолдауға арналған қара­жат­тың уақытында діттеген жерге жет­уін ескертті. Біз де өз кезегімізде Үкі­метке депутаттық сауал жолдап, фор­вард­тық сатып алуды жүргізу үшін өңірлік Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсындық. Біріншіден, мұндай корпорациялар әкімдіктердің қаржы институты ретінде өңірдегі қарыз алушы қожалық туралы барлық ақпаратқа ие. Яғни әр қожалықтың мүм­кіндігін, қарым-қабілетін жете біледі. Сондықтан осы корпорация кепіл­дік берген қожалықтардан өнімді қорық­пай алдын ала сатып алуға болады. Екіншіден, сатып алынатын өнім ең алдымен жергілікті халықтың қажет­тілігіне пайдаланылады емес пе? Сол кезде өңірдегі тұрақтандыру қорларына шаруа қожалығының өнімін ешқандай делдалсыз тікелей жеткізуге мүмкіндік туады. Біз Үкіметке сондай-ақ форвардтық сатып алуды жарма, дәнді, майлы дақылдар, картоп және көкөніс түрлері бойынша бірнеше бағытта қолдануды да ұсынғанбыз», дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев.

Тағы бір мәселе қаржының кештеу бөлінгенінде жатыр. Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаевтың ауыл шаруашылығын қаржыландыру тәртібі қаңтар айында шешіліп қоюы керек деген пікірі өте орынды. Себебі қазір қожалықтарға уақыт тапшы болғандықтан құжат әзір­леу­дің өзі үлкен шаруаға айнал­ды. Оның үстіне «ҚазАгроның» қаржы­лан­ды­ру мәселесіне келгенде сол баяғы ескі жұмыс тәсілінен ажырамай отырған жайы тағы бар.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, депутаттардың қайта-қайта сауал жолдауына байланысты бүгінде форвардтық сатып алу тәсілі қолданыла бастаған сыңайлы. Алайда жергілікті жерлердегі ақпараттарға сенсек, сол баяғы ірі немесе орташа шаруа қожалықтарымен ғана осындай келісімдер жасалып жатса керек. Ал еліміздегі шаруа қожа­лық­та­рының 70 пайызға жуығы ірі немесе орташа құрылымдар санатына жатпайтынын ескерсек, бюджеттен бөлінген жеңілдетілген несиеден оларға тиын да бұйырмайтын сияқты. Иә, бұл несие бұрынғыдан өзгерек еді, Президент үстемеақы мөлшерін 5 пайыздан асырмау жөнінде тапсырма бергенде диқандар қауымы қуанып қалған. Ертелеу қуа­нып­ты. Биыл да оларға бұрынғыша көк­темгі дала жұмыстарының 80 пайызын өз қаражатына атқаруға тура келеді. Ат­қа­руға шамалары келсе, әрине. Се­на­тор Әли Бектаевтың айтуынша, қазір шаруа қожалықтарының 70 пайы­зы­ның қаржылық жағдайы нашар, сондықтан өз қаржыларына көктемгі жұмыстарды 50 пайызға ғана орындауы мүмкін. Оның үстіне мемлекет тарапынан бөлінетін субсидиялар кешігіп жатыр, біраз бағыт бойынша оны бөлудің тәртібі де әлі күнге бекітілмеген. Біздегі бейқамдыққа еріксіз басыңды шайқайсың да қоясың.

Бүгінде әлем алаңкөңіл күйде. Коро­на­вирустық пандемия азық-түлік қауіп­сіз­дігі мәселесін аса күрделендіріп жібер­гендей. Сол себепті көптеген ел қазір азық-түлік түрлерін экспорт­тау­ға шектеу қойды. Мәселен, Еуразия одағына мүше елдер қара бидай, жарма, қарақұмық дәні, күріш, шалқан, күнбағыс тұқымы, ұн сияқты 13 азық-түлік түрін ел аумағынан шетке тасы­мал­дауға тыйым салды. БҰҰ-ның мәлі­ме­тіне қарағанда, әлемде жалпы 80 мемлекет көптеген азық-түлік түрлерін экспорттауды доғарыпты. Енді Ресей ақ бидай, қара бидайды килолап та сатпайды. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп ата-бабаларымыздың баяғыда айтқан сөзін әлем елдері енді ұғып жатқан сыңайлы.

Айта кету керек, көрші Ресей алпауыт АҚШ-тың санкциясына іліккелі бері елдің азық-түлік қауіпсіздігін ішкі ресурстар арқылы қамтамасыз етуге қатаң көңіл бөле бастаған еді. Соның нәтижесінде Азық-түлік қауіпсіздігі доктри­насындағы басты сегіз көрсет­кіш­тің бесеуін өздері орындауға қол жеткізді. Қазір Ресей астық, картоп, қант, күнбағыс майы, ет және бірқатар өнімдермен өздерін толық қамтамасыз ете алады. Үш жыл ішінде ауыл шаруа­шылығындағы өндірісінің көлемін 14,3 пайызға арттырса, импорттың мөлшерін 31,2 пайызға төмендетуге мүмкіндік алыпты. Мұндай саясатқа енді өзге елдер де биылдан көшіп жатыр. Қай-қайсысы да өзінің азық-түлік қауіпсіздігін тек өздерінің күшімен қамтамасыз етуге мықтап кіріскен.

Азық-түлік мәселесінде әлі де им­портқа тәуелді еліміз үшін көрші елдер­дің қазіргі қам-қарекеті ой салуы керек. Айналаның бәрі тез өзгеріп жатыр, өзгер­гісі келмейтін, ескі сүрлеуден шығуға ықы­ласы жоқ біз ғана сияқтымыз. Бүгін­гі пандемияның кесірі ертең күзде анық көрінеді. Сол кезде айналадағы елдерден ақшаға астық таба алмай жүрсек, нағыз қасірет сол болмай ма? Сондықтан бүгінгі егіс науқанына, жалпы ауыл шаруашылығына жылдағыдан да ерекше қамқорлық, жаңаша көзқарас қажет. Шағын қожалықтарды қаржыландыру – шындап келгенде аса күрделі мәселе емес. Бұған ескі тәсілдерден арылып, қаржыландырудың жаңа механизмдерін іске қоса алатын менеджерлік шешім, шынайы ниет қана жетпей тұр!..

 

Меңдолла ШАМҰРАТОВ,

журналист