Руханият • 11 Мамыр, 2020

Соғысты жаудың ұясында аяқтаған

236 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деген дана сөзі бар. Балалары­на ғана емес, ел-жұртқа, айналасына қамқор болып, абырой-құрметке бөленген ба­тыр әкемнің өнегелі өмірі – ұрпағына мәңгілік мұра. Жыл сайын Жеңіс күні кел­ген­де ел басына күн туған қасіретті жылдардың нүктесін жаудың ұясы Бер­лин­де қойған әкем Қадан Бекеновтің ерлігін еске алып, кеудемді мақтаныш кернейді.

Соғысты жаудың ұясында аяқтаған

Иә, менің әкем қан майданның қақ ор­та­сында жүріп, Жеңісті қасқайып қар­сы алған. Соғыстың соңы көріне бас­та­ғанда фашистік Германияның аста­на­сындағы Рейхстагқа және тағы бас­қа үкімет үйі сияқты маңызды нысан­дар­ға шабуылдаған Кеңес әскерінің сапында қазақ жауынгерлері көп бол­ған. Солардың бірі менің әкем еді. Вар­шава, Триасполь қалаларын азат етуге атса­лыс­қан әкем 1945 жылы сәуірде майдандастарымен бірге Берлинге басып кірген. Содан көп ұзамай біржола беті қайтқан Германия әскер басшылығы капитуляция актісіне қол қойып, жеңілгенін толық мойындаған. Рейхстаг қабырғасына «Қазақстан, Ақмола, Бекенов Қадан» деп қашап жазып кетіпті.

Қадан Бекенов – Ақмола облысы, Аст­ра­­хан ауданы Жарсуат ауылының ту­ма­сы. Дүниеге 1924 жылы келген. 1942 жылы Алматының жаяу әскер­лер учили­щесінде курсант болып жүр­генде Ке­ңес армиясының қатарында май­дан­ға аттан­ған. Оңтүстік-Батыс бағыт­та со­ғы­сып, одан 1-нші Беларусь май­да­ны­ның 5-інші армия­сына жіберіліп, ав­то­мат­шылар ротасының командирі бол­­ған. Бұған қоса ол 11 әскери орден-медальмен ма­ра­пат­­талған. Жоғарғы Бас қол­­бас­шы Сталиннен үш рет Алғысхат алған.

Соғыстан кейін әкем 1949 жыл­дың қара­шасында анам Қазиза Жантұр­қы­зы­мен шаңырақ көтереді. Содан 68 жыл отасқан екеуі төрт ұл, үш қызды тәрбие­леп өсірді, олардан 13 немере, 21 шөбере көрді. Екеуі де бір жылда дүниеден озды.

Қадан Бекенов елге оралған соң да абыройлы қызмет етті. 1956 жылы 18 қазанда Ақмола облысы Новочеркасскі округінің учаскелік өкілетті өкілі болып тағайындалды. 1957 жылы Астрахан аудандық атқару комитетінің милиция бөлімшесінде учаскелік өкілетті өкіл, 1969 жылы Астрахан аудандық атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің милиция инспекторы, 1971 жылы Целиноград облыстық Ішкі істер басқармасының бұйрығымен 24-саптық дивизияның 168-атқыштар полкі взвод командирінің көмекшісі болып тағайындалған. 1972 жылы құрметті демалысқа шықты.

Осылайша әкем бейбіт өмірдің тыныш­тығын қорып, заң бұзушылыққа жол бермеу, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты жауапты міндеттерді атқаруға атсалысты.

Зейнет жасында қо­ғам­дық жұмыстарға белсене қатысты. Түр­лі игі іс-шараларда бой көрсетіп, жас ұр­паққа үлгі-өнегесін көрсетті. 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Жеңіс­тің 70 жылдығы қарсаңын­да Ақордада «Құрмет» орденімен марапат­тады. Сон­дай-ақ әр жылдары әкеме соғыс­қа қа­тыс­қаны үшін Ресей президенті Вла­ди­мир Путин, Мәскеудің мэрі Сергей Собя­нин, бұған қоса Беларусь президенті Алек­сандр Лукашенко құттықтау хаттарын жолдады. Әкем қайтыс болғаннан кейін де қаншама алғыс хаттар келіп жатыр. Жақында ғана Беларусь елшілігінен Жеңіс­тің 75 жылдығына орай тағы хат алдық.

Бейбіт заман үшін жанын аямай үлес қос­қан ардагер әкемді қашанда мақтан тұта­мын. Осыдан екі жыл бұрын балалары мен немерелері болып, әкем туралы ес­телік жазбалар, газеттерде жарияланған ма­қа­лалар, суреттер, марапаттар сияқты бар­лық материалдың басын қосып арнайы кі­тап шығардық. Көптен бері жинақтап, бас­паға әзірлеп жүрген дүниені әке-шешем көріп үлгермеді. Бұл кітап енді бізден кейін­гі ұрпақтарына ардагер аталары туралы біраз мағлұмат беретін үлкен мұра болып қалмақ.

 

Роза БЕКЕНОВА

 

НҰР-СҰЛТАН