Бундеслиганың маусымдық ойындары бұйырса, алдағы мамыр айының 16-нан басталмақ. Байерн Мюнхен командасы өткен айда бас бапкер Ханси Фликпен жасаған шартын ұзартты. 2014 жылы неміс құрамасы әлем чемпионатында асыр салып, топ жарған тұста осы Ханси Флик бүгінгі Клозе сияқты көмекші бапкер қызметін атқарып жүрген болатын. Сондықтан да бұл екеуі адами тұрғыдан да, кәсіптік тұрғыдан да бір-бірін жақсы біледі.
Мирослав Клозе 2001-2014 жылдары Германия құрамасының белді ойыншысы ретінде танылған тұлға. Осы аралықта құрама сапында 137 ойын өткізіп, 71 голдың авторы атанған. Ал Байерн Мюнхен құрамында 98 ойын өткізіп, 24 гол соққан екен. Бүгіндері 41 жасқа толып отырған бұл азамат 2016 жылы үлкен спортпен қоштасып, бұған дейін жасөспірімдер командасын жаттықтырып келген болатын.